17.3 C
Шымкент
19-Апрель, 2025
Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБасты ақпаратҚазірҚоғам

Silk Way арнасы Орталық Азия елдерінің ақпараттық діңгегіне айналады

2025 жылғы 16 сәуірде, II Орталық Азия медиафорумы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Аида Балаева Орталық Азия елдеріне ортақ Silk Way атты жаңа телеарнаның құрылатынын жария етті. Бұл жөнінде журналист Нұрлан Жұмахан фейсбук парақшасында жазды.

Астанадағы Орталық Азия медиа форумда Мәдениет және ақпарат министрі Aida Balayeva Орталық Азия елдеріне ортақ Silk Way атты жаңа телеарнаның құрылатынын жария етті. Жаңа телерана аймақтың ақпараттық тәуелсіздігіне, идеологиялық ықпалдастығына, болашақтағы дипломатиялық интеграциясына жол ашатыны анық.

Жаңа арнаның символикалық атауы да кездейсоқ таңдалмаған. «Жібек жолы» атауы – тарих пен сауданың, өркениеттер мен идеялардың ұштасқан кеңістігі. Қазіргі таңда бұл атау – транзиттік логистиканың бренді ғана емес, медиа кеңістіктегі бірегейлік пен ортақ мүдденің де көрінісі.

Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің ақпараттық саясаты әр тарапқа тартып тұр. Қазақстанда ресейлік телеарналар әлі де еркін көрсетіледі. Қырғызстан мен Тәжікстандағы теленарықта да сыртқы ықпал басым. Өзбекстан мен Түрікменстан ақпаратты қатаң бақылауға алса да, олар да сыртқы контентке тәуелді. Ал енді ортақ Silk Way арнасы құрылса, бұл елдердің біртұтас ақпараттық экожүйе қалыптастыруына негіз болмақ. Бұл – идеология, мәдениет, ұлттық мүдде, тарихи сана, тіпті ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде өте өзекті. Алдағы уақытта Ertenmedia.kz ақпараттық агенттігін Silk Way арнасының жұмысын барынша насихаттап, қатарға қосылуына өз үлесін қосатын болады.

Осы жерде бір маңызды факторды естен шығармау керек. Әзірше бастама тек медиа жобаның шеңберінен шығып жатыр. Ол – мәдени ықпалдастықтың, тілдік интеграцияның, тарихи сана қалыптастырудың платформасына айналуы мүмкін. Себебі бірлескен контент деген – ортақ бағдарлама, ортақ құндылық, ортақ аудитория. Бұл – ақпараттық блок құру деген сөз. Әлемде дәл осындай үлгілер жетерлік. «Еуроньюс» Еуропаға ортақ медиа алаң болса, Al Jazeera – араб әлемінің ақпараттық діңгегі. Ал Орталық Азияда мұндай бастама тұңғыш рет қолға алынып отыр.

Форумда айтылған екінші маңызды мәлімдеме – Орталық Азия журналистика академиясының құрылуы мен аймақтық медиа сыйлықтың тағайындалуы. Бұл бір қарағанда символикалық акт боп көрінуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді контекстіде бұл – ақпараттық элитаны даярлау, медиа кадрлар интеграциясы, журналистикадағы этикалық нормаларды біріздендірудің алғышарты. Егер бұл академия кәсіби тұрғыдан қалыптасса, Орталық Азия журналистерінің мектебі қалыптасуы мүмкін. Бұл – дербес ақпараттық мектеп, ол ресейлік, түрік, қытайлық медиадан өзгеше бағыт ұстануы мүмкін.

Айта кетерлігі, форумға тек Орталық Азия елдері емес, Әзербайжан, Қытай, Қатар, Ұлыбритания, Ресей секілді алпауыттар да қатысты. Бұл – Silk Way арнасы мен аймақтық медиа бірлестіктің халықаралық маңызға ие бола бастағанын көрсетеді. Қытай бұл бастаманы Тұрақты даму жолындағы «Бір белдеу – бір жол» жобасымен байланыстырып қарауы мүмкін. Ұлыбритания үшін – бұл жұмсақ күшті (soft power) нығайтуға мүмкіндік. Ал Ресей үшін бұл форум – ақпараттық гегемонияны уысынан шығарып алмауға жасалған күрес.

Осы тұста Қазақстанның рөлі ерекше. Аида Балаева бастаған министрлік бұл жобада бастамашыл тарап ретінде айқын көрінді. Қазақстан – медиа саласында салыстырмалы түрде ашық мемлекет. Сондықтан осы бастаманың институционалдық моделі мен алғашқы қадамдары дәл Астанадан басталуы заңды. Егер Қазақстан бұл платформаны кәсіби деңгейде дамыта алса, болашақта Астана – Орталық Азия ақпарат кеңістігінің орталығына айналуы әбден мүмкін.

Silk Way – бүгінгі таңда контент жасаумен ғана шектелмейді. Бұл арна медиа нарыққа жаңа ережелер әкелуі мүмкін. Аймақтық өнімдер, сериалдар, деректі фильмдер, журналистік зерттеулер, тіпті подкаст пен медиа тренингтерге дейін біріктірілсе, бұл жоба медиа саласындағы экономикалық мультипликаторға айналады.

Silk Way телеарнасы мен Орталық Азия журналистика академиясы – бұл жай ғана медиа жоба емес. Бұл – аймақтың жаңа ақпараттық доктринасы. Ол – ақпараттық егемендік, рухани интеграция, мәдени ықпалдастыққа бастайтын жол. Бұған дейін әр мемлекет өзімен-өзі, өз ішінде тұншығып жатқан ақпараттық саясатты енді біріктіретін уақыт келді. Бұл бастаманың табысты болуы – тек журналистердің ғана емес, саясаткерлердің де тарихи миссиясына айналуы керек. Өйткені бүгін басталған медиа әріптестік – ертеңгі саяси одақтың алғышарты. Ал ақпарат құралын ортақтастырған елдер, ертең армия мен экономиканы да ортақтастыруы мүмкін. Бұл – Silk Way-дің геосаяси астары.

Ұқсас жаңалықтар

Қосымша құн салығын көтеру қымбатшылыққа алып келеді

admin_qazyr

Шие жемісінің пайдасы

Redaktor Site

5 шілдеде Астанада жас әншілер фестивалі өтеді

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz