Трамптың тариф саясаты ешкімге оңайға соқпай тұр. Сауда соғысының салқынын бүкіл әлем сезінеді. АҚШ-тың тариф саясаты тікелей қатысты болса да, болмаса да, жаһандық азық-түлік жеткізу тізбегі, экономикалық ахуал күрделене бастады. Мұнайдың, шикізаттың әлемдік нарықтағы бағасы құбылмалы болып тұр. Мұндай жағдай, әсіресе, Қазақстан секілді мемлекеттерге қолайсыз.
Сол себепті Үкімет мұндай жағдайдың алдын алуға әзір болу керек. Білуімше, қазір үкімет қара алтынның құны төмендеген жағдайға арнап үш сценарий әзірлеп отыр. Біріншісі, мұнайдың бағасы барреліне 60 доллар көлемінде қарастырылған. Сол секілді 55 және 50 доллар көлеміндегі бағаға арналған жоспар бар.
Негізі бюджетті жоспарлағанда мұнай 75 доллар көлемінде сатылады деген болжам жасалған. Бірақ дәл қазір, яғни 16 сәуірде «Брент» мұнайының құны 64 долларды көрсетіп тұр. Әрине, жылдың қалған бөлігінде нарықтағы баға осы күйінде қалмайтыны анық. Түрлі жағдайға байланысты қымбаттап не арзандайды. Үкімет мұның бәрін ескеретіні анық. Дегенмен біздің ел үшін қара алтынның құны көтерілгені қажет.
Бір апта бұрын Тоқаев әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты жиын өткізіп, экономикалық ахуалды пысықтап алды. Жиын барысында әлемдік жағдайға қарамастан экономикамыздың өсімін қамтамасыз ету, тартылатын инвестиция көлемін төмендетпеу тапсырылды.
Құдай бетін аулақ қылсын, мұнайдың бағасы күрт құлдырап кетпесе, Қазақстан кез келген жағдайға әзір деуге болады. Кейінгі жылдары бірнеше ірі жоба іске қосылды. Биыл да бұл үрдіс жалғасады. Мұның бәрі экономикалық әсерін тигізетіні анық. Оның үстіне, мемлекет бизнесті қолдауға да ерекше мән беріп отыр. Мысалы, биыл осы бағытта 8 триллион теңге жұмсалмақ. Елдегі ахуалды одан әрі жақсартуға мұның да ықпал ететіні сөзсіз.
Қалай дегенмен, бағытымыз айқын. Қазақстанның дамуын қамтамасыз ету қажет. Бірақ әп-әдемі жоспарымызды Трамп секілділердің бұзып, қайтадан жоспарлауға тура келетіні жаман да. Амал жоқ, қайта жоспарладық. Дамуымызды жалғастыра береміз.
Айбар Олжаев