Алматының IT саласы мен креативті индустриясы қарқынды дамып келеді. Былтыр қаланың ақпараттық технологиялар секторына тартылған инвестиция көлемі 20 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Бүгінде мегаполис Орталық Азиядағы жетекші цифрлық хаб ретінде танылып, стартаптар мен шығармашылық жобалар үшін қолайлы ортаға айналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы бүгінде Орталық Азия кеңістігіндегі жетекші IT-хаб ретінде қалыптасып келеді. Қалада технологиялық компаниялар мен стартаптардың өсуіне қажетті жағдай жасалған. Бұл ретте 2022 жылы басталған 3 жылдық «Алматының IT-экожүйесін дамыту» жобасын ерекше атап өтуге болады. Жоба аясында жаңа бастамаларға қолдау көрсетіліп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, білім беру, кәсіпкерлік және қаланың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Былтыр 7 мыңнан астам адам MOST (Mentoring of Startups and Technologies) іс-шараларына белсенді түрде қатысқан. Тағы бір маңызды жетістік ретінде атап өтерлігі, 6 мыңнан аса жаңа жоғары технологиялық жұмыс орны құрылды. Бұл әуелгі жоспардан 4,5 есе артық көрсеткіш. Сонымен қатар акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар арқылы 309 перспективалы стартап өтіп, оның 16-сы халықаралық нарыққа шыққан.
Білім беру саласындағы бастамалар да назардан тыс қалмады. Нақтырақ айтсақ, 1200-ге жуық білікті IT-маман даярланып, 55 сарапшы «Digital Urban Planner, Smart City Engineer» секілді арнайы бағдарламаны аяқтап, ақылды қала тұжырымдамасын дамытуда өлшеусіз үлес қосқан.
Қаладағы IT-секторға тартылған инвестициялар көлемі 19,2 миллион АҚШ долларына жеткен. Ал қолдау тапқан жобалардың жиынтық табысы 5,3 миллиард теңгеден асып отыр.
Алматыда IT саласымен бірге, креативті индустрия да қатар дамып келеді. Бүгінде мұнда подкаст, видеоөндіріс, театр, цифрлық дизайн мен сән индустриясы секілді жобалар 9 бағытта жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар бейнеконтент өндіруден бастап, шығармашылық оқыту бағдарламаларын да қамтып отыр. Мамандардың айтуынша, креативті индустрия басқа салаларға қарағанда жылына 15 пайызға жылдам дамиды.
«ЮНЕСКО-ның ЮННАТ деген конференциясында 20 жыл бойы креативті индустрияны зерттеп, саланы меңгерген мұнай немесе шикі заттары жоқ елдердің әлдеқайда экономикасы алға шыққанын айтады. Орта Азияда цифрлық даму, музыка, сериалдар түсірілімі бойынша әлдеқайда алдыға шығып жатырмыз. Креативті индустрияның өнімін сату үшін оны тасымалдаудың қажеті жоқ. Керемет талант иесі екеніңізді арнайы әлеуметтік желілерге салып, сол арқылы сатып танымал бола аласыз», – деді тәуелсіз сарапшы Айгүл Маратқызы.
IT мен креативті индустрияны тоғыстыру – қаланың экономикалық, мәдени және технологиялық даму бағытының жаңа белесі. Заманауи медианың дамуы, жас мамандарды даярлау және халықаралық нарыққа шығатын өнімдер Алматыны тек өңірлік емес, жаһандық деңгейдегі креативті-цифрлық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Әр жоба өз саласында инновациялық тәсілдер мен тың технологияларды қолдана отырып, шаһардың шығармашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде.