Жетісу облысы Текелі қаласында көптен бері көтерілген су, газ, жол мәселесі шешілді. Бүгін жұмыс сапары аясында облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді, — деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Текелі қаласында ауыз судың сапасын арттыру жобасы жүзеге асырылуда. Қаланы газдандыру жұмыстары соңғы кезеңге жетіп, жол жөндеу жұмыстары басталып кетті.
– Текелі қаласында көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе болды. Бұл газ, су және жол. Бүгінде газдандыру жұмыстары соңғы сатысына жетті. Қазірдің өзінде 1000-нан астам абонент газға қол жеткізді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық 4 мыңнан астам тұрғынға көгілдір отын қолжетімді болады. Ал ауызсуға келетін болсақ, жобаның бірінші кезеңіндегі барлық жұмыс аяқталды. Сүзу стансасының жабдықтары жөнделіп, ауыстырылып, екі су қоймасы салынды. Ұңғымалардан 16,5 шақырым су құбыры желісі орнатылды. Мамыр-маусым айларында судың сапасын тағы тексереміз. Жұмыстың екінші кезеңінде ішкі сумен жабдықтау желілерін ауыстырылады. Оған 400 млн. теңге бөлінді. Жоба жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Су және газ желілері аяқталғаннан кейін жол жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Қазір олар Қазақстандағы ең ұзын көше саналатын Д. Қонаев атындағы көшені күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын бастады. Оны күзде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, аз жылдың ішінде Текелі қаласының аса маңызды деген үш мәселесі шешілді, – деді облыс әкімі Б.Исабаев.
Халықты газмен қамтамасыз ету үшін ең маңыздысы – газға қосылу құны. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев атап өткендей, Текелі қаласында жоба бойынша орталық құбырдан тұрғын үйдің шекарасына дейін (22 метрге дейін) төсеу жұмыстары бюджет есебінен жүргізілуде. Осылайша, газ қазандығы мен керек-жарақтарын есепке алмай, жеке үйді газға қосу құны 110-120 мың теңгені құрайды. Ал пәтерді қосу құны 64-75 мың теңге аралығында. Газ қазандықтарын сатып алу үшін де 10 айға пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі бар.
Д. Қонаев көшесіндегі жолды жөндеу жұмыстарының барысын тексерген Бейбіт Исабаев Текелі қаласы аумағындағы ұзындығы 3,6 шақырымнан асатын «Бәйбіше» магистральды каналының жөндеу жұмыстарымен танысты. Канал Текелі қаласындағы суармалы жерлерді қамтамасыз етіп қана қоймай, Ескелді ауданын да суармалы сумен қамтымақ. Жыл соңына дейін Текелі қаласындағы каналдың жөндеу жұмыстары аяқталса, келер жылы Ескелді ауданында да дәл осындай жұмыс бастау алмақ. Бұл 272 гектар жердің суару сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің жұмыс сапарында Текелі қаласының тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, облыс әкімі 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Оның құрылысы бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың қаңтар айында басталған. Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Учаске меңгерушісі Серік Әбдірахмановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының нөлдік циклі аяқталған. Қазір учаскеге 45 адам жұмылдырылып, барлық жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр.
Тағы да бір өзекті мәселе – қаланы жылумен қамту. Осыған орай, жалпы белгіленген электр қуаты 53 МВт және жылу қуаты 48 Гкал/сағ. газ турбиналық стансасының құрылысын қамтитын Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 3 кезеңде жүзеге асырылады.
– Жоба бойынша 3 газ турбиналық қондырғы, 3 қалдық жылу қазандығын және генераторы бар бу турбинасын орналастырылады. Қазіргі уақытта мамыр айында аяқталатын I кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы жоба 2026 жылдың наурыз айында толық аяқталады. Оны жүзеге асыру Текелі қаласының жылу энергиясы мен қосымша электр қуатының мол қорын құруға мүмкіндік береді, – деді «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС басшысы Арман Отарбаев.
Бейбіт Исабаев жұмыс сапарының соңында орталық саябақты аралау арқылы қаладағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Атап өткендей, биыл Текеліде барлығы 8 мың жас ағаш отырғызу жоспарлануда. Оның 2500-і жыл басынан бері егілген. Сондай-ақ, көктемнің басынан бастап «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 3 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.