Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚазірҚоғамРуханият

Қызметтен кеткен басшы елден кетсе, ол басшы халыққа жақын болмағанының белгісі

Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу, өсіп-өркендеу жолында ерекше еңбек сіңірген адамдар бар. Солардың бірі де бірегейі Дінмұхаммед Қонаев. Ол ұлт болашағы үшін аянбай еңбек етті. Туған халқының талайлы тағдырына алаңдады. Қазақ үшін аянбай тер төкті. Адами болмыстың аяулы қасиеттерін ісімен көрсетті. Ұлыларымызды ұлықтау, қастер тұтыту кейінгі ұрпақтың абыройлы міндеті. Халықтың ұлттық болмысын, саяси санасын, азаматтық позициясын қалыптастыру үшін Қонаев сынды мемлекетшіл тұлғалардың өмірін насихаттаумыз керек. Белгілі журналист Нұрлан Жұмахан Дінмұхаммед Қонаев атамыздың адами болмысын ашып көрсететін тағылымды мақала жазыпты.  Qazyr.kz назарларыңызға ұсынады.

 

Кеңес одағының шаңырағы шайқалып, уығы босай бастағанда империялық саясаттың пәрмені азайды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінің алдындағы саяси сілкіністерден кейін Қонаев орнынан алынды. Бұл – бір қарағанда, кеңестік кадр саясатының кәдуілгі логикасы тәрізді көрінгенімен, қазақ қоғамы үшін ауыр соққы болды.

Димекең – халықтың жүрегінде елі үшін еңбек еткен текті азамат ретінде жатталып қалды. Оның аты – индустриализациямен, ғылыммен, қазақ интеллигенциясының көтерілуімен, рухани ұрпақ қалыптастырумен қатар аталатын-ды. Сондықтан да Мәскеудің оған «қайтарым» ретінде «Мәскеуге көшіңіз, үй де, жай да, абырой да дайын» деуі, бір жағынан, саясаттың сабырлы әдісі сияқты көрінгені анық.

Бірақ Қонаев Горбачев ұсынысын қабылдаған жоқ.

– Ниетіңізге рахмет! Туған жерден ыстық не бар, кіндік қаным тамған Алматымда тұра беремін, – деді де, орнынан тұрып, қоштаспастан шығып кетті.

Бұл – қарапайымдылық емес. Бұл – терең саяси һәм ұлттық шешім. Өйткені ол кезде Мәскеуге кету – «пана табу», «өмірді жеңілдету», бәлкім, «өзіңді ұмыту» деген сөз еді. Өзге республикалардан келген басшылардың көбі Кремльдің қорғауына кетті. Ал Димекең болса, халқымен бірге қалды.

Қызметтен кеткен басшы елден кетуге мәжбүр болса – ол басшы халыққа жақын болмаған. Ал Қонаевтың жағдайы басқаша еді. Ол – елінің алдында басын иген, елінің арына араша түскен тұлға. Сол себепті ол Алматыны тастап, Мәскеудің панасына бармады. Бұл – тек Димекеңнің ғана емес, тұтас қазақ ұлтының ұстанымын көрсететін шешім еді.

Бүгінгі қоғамда мұндай моральдық биіктік сирек. Бүгінгі кейбір басшылар шетелде шот ашып, отбасын шетелге шығарып, тіпті өз болашағын да бөтен елмен байланыстырғысы келетінін көріп жүрміз. Жемқорлыққа шатылып, ақырында «емделу үшін» шетел асып, саяси бас сауғалауға тырысып жатқандар да бар. Бұл – ұлтқа емес, байлыққа қызмет етудің нәтижесі.

Бүгінгі буын үшін бұл эпизод – жай ғана тарихи әңгіме емес. Бұл – мінез. Мемлекеттік деңгейдегі мінез. Егер әрбір әкім, әрбір министр, әрбір депутат өз елін Қонаевша сүюге тырысса, Қазақстан әлдеқашан дамып кетер еді.

Димекең кезінде өзіне берілген пәтерде өмір бойы тұрды. Байлық жинаған жоқ. Алматыда халықпен бірге өмір сүрді. Көшеде көрсе амандасып, сәлем алатын. Қазір қай шенеунік халықпен бірге тұрып жатыр? Қай министрдің баласы қарапайым мектепте оқиды? Қай әкім халықтың арасында жүр?

Сол кезде ұлт үшін қызмет ету – мемлекеттік миссия еді. Қазір кейбіреулер үшін қызмет – байлыққа апартын жол. Ал Қонаев үшін – міндет. Сол міндетті ол абыроймен атқарды, ал ел оны әлі күнге дейін құрметпен еске алады.

Қонаевтың Мәскеуге кетпей, Алматыда қалуы – оның саясаткер ретінде ғана емес, қазақ азаматы ретіндегі ұлылығы еді. Ол өз өмірінің соңы мен бастапқы нүктесін біріктіріп, кіндік қаны тамған жерінде шөлдеген шындықтың шуағына айналды.

Қазір шенеунік қызметтен кеткен күні шетелге ұшып кетеді. Біреуі – Австрияға, біреуі – Түркияға, тағы бірі – Біріккен Араб Әмірліктеріне. Өйткені сол жақта «үйі», «бизнесі», бәлкім, «паспорты» бар.

Қонаевта не болды? Ол – Алматыдағы өзінің бұрынғы пәтерінде өмірінің соңына дейін тұрды. Осы бір ісі арқылы-ақ Димекең халқына ең үлкен сабақты беріп кетті. Ол – туған жерден артық мекен жоқ. Ол – халықтан биік мәртебе жоқ. Ол – биліктен бұрын кісілік керек.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Әңгіме: Ажалсыз бала

redaktor_qazyr

Баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін қандай құжаттар қажет?

redaktor_qazyr

Міржақып Дулатов — Терме

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz