12.3 C
Шымкент
22-Апрель, 2025
Qazyr.kz порталы
Айтарым барӘмбебапҚазірМұнай-газ саласы

Канаданың ауыр мұнайын Қытай жеңіл жұтады

Қытай өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстап отыр. Мұнай сатып алу нарығын тынбай әртараптандырып келеді. Ресейдің арзан мұнайын місе тұтпаған аспан асты елі еді Канаданың қара майына көз салып отыр. Бұл жөнінде Нұрлан Жұмахан жақсы сараптамалық мақала жазыпты. Қадірлі оқырман, жақсы жазбадан Сіздер де қалыс қалмаңыздар, назарларыңызға ұсынамыз.

 

Бейжің бүгінде Вашингтонмен арадағы энергетикалық байланысты біртіндеп үзіп, жан-жағына мұнай магистралдарын жайып жатыр. Қытай енді бұрынғыдай Сауд Арабиясына немесе Мәскеуге жалтақтамайды. Енді ол Канаданың ауыр мұнайына тікелей сұраныс тудырып отыр.

Канада мұнайы бұрыннан бар. Бірақ соған жететін жол жоқ болатын. Trans Mountain (TMX) деген алып құбыр Қытайға сол жолды ашып берді. Жоба 2024 жылдың мамыр айында іске қосылған сәттен бастап Қытайдың батыс жағалауындағы мұнай өңдеу зауыттары канадалық қара алтынды төпелеп қабылдауға мүмкіндік береді.

Бұл құбырдың ашылуы Қытайдың Ванкувер портына тікелей мұнай жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Vortexa деректеріне сенсек, Қытай наурыз айында Канададан 7, 3 миллион баррель мұнай сатып алған. Ал сәуірдегі көрсеткіш бұл рекордты жаңартуы мүмкін.

Керісінше, АҚШ-тан келетін мұнай көлемі күрт төмендеп, 2024 жылдың жазында 29 миллион баррельге жеткен импорт, биылғы көктемде небәрі 3 миллионды құрапты. Бұл – 90%-дан астам құлдырау. Себебі Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда шиеленісі жаңа деңгейге өтті. Трамп әкімшілігінің Қытайға салған жаңа тарифтері, Чип заңнамасы, TikTok пен басқа да технологиялық майдандағы шабуылдар – бәрі қосылып, Бейжіңді энергетикалық тәуелсіздікке итермеледі.

Қытайлар канадалық ауыр мұнайдың химиялық құрамын мұқият зерттеген. Альберта мұнайы жоғары күкіртті және тығыздығы жоғары болғанымен, Қытайдың заманауи мұнай өңдеу зауыттарына бұл мұнай таптырмайтын шикізат. Себебі олар осындай қиын мұнайды өңдеуге маманданған. Ең бастысы – Канада мұнайы Ирактың Basrah Heavy маркасынан арзандау. Әсіресе, Дубай маркалы мұнайдың қымбаттаған тұсында канадалық опция – Қытай үшін тамаша альтернатива болғаны белгілі.

Мұны біз қалай түсінеміз? Бұл – әлемдік энергетикалық жүйенің қайта пішінделіп жатқанының көрінісі. Бұрын «қара алтын» Сауд Арабия, Иран, Ресей, АҚШ төртеуінің айналасында айналатын болса, енді Канада секілді «қалтарыстағы» ойыншылар үлкен ойынға кірісіп кетті. Ең қызығы – Қытай дәл осы қалтарыстағы карталарды тартып, өзіне ең тиімді энергетикалық серіктестерді жинауға тырысып жатыр.

Бұл жерде Қытайдың бір қадам алға жүріп отырғанын көреміз. Біріншіден, ол АҚШ-тан тәуелсіздікке бет бұрып отыр. Екіншіден, ол Ресейге толық иек артпайды, себебі Мәскеу санкциялардың кесірінен сенімді әріптес болудан қалды. Үшіншіден, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Қытайды он ойландырып, тоғыз толғандырады. Демек, Канада – қазіргі таңда ең тиімді, бейтарап әрі геосаяси тәуекелі төмен мұнай көзіне айналды.

Trans Mountain жобасының артында Канада мен Қытайдың ғана емес, сонымен қатар үнсіз бақылап отырған Еуропа елдерінің де қызығушылығы жатыр. Себебі бұл құбыр – тек Қытайға ғана емес, бүкіл Азия нарығына мұнай жеткізу жолын ашады. Ал Азия – XXI ғасырдың экономикалық орталығы.

Қытайдың бұл жүрісінен кейін Вашингтонда дабыл қағылды. Қазірдің өзінде АҚШ-тың энергетикалық лоббилері мен мұнай-газ өндіруші компаниялары жағдайды қайта бағамдауға көшті. Қытайсыз нарық деген – миллиардтаған баррельден айырылу деген сөз. Мұнай нарығындағы үстемдікті кім алады – сол экономикалық тізгінді ұстайды. Осы жерде біз қазақ ретінде бір сәт ойлануымыз керек. Қытай алыстан тартады, бізге жақын. Ал Қазақстан – энергетикалық алпауыт ел. Біз қандай мұнай маршрутын таңдаймыз? Қай жаққа құбыр төсеу тиімді? Бүгінгі шешім – ертеңгі ұлт тағдырын айқындайтынын ұмытпаған жөн.

Қытайдың Канадамен мұнай байланысы тек экспорт-импорт мәселесі емес. Бұл – әлемдік геосаясаттағы жаңа теңсіздікті тудыра алатын фактор. Себебі мұнай – тек энергия көзі ғана емес, сонымен қатар дипломатиялық құрал. Мұнай арқылы қысым жасауға, одақ құруға, санкцияны айналып өтуге болады. Қытай осының бәрін жақсы біледі.

Бір ғана Ванкувер порты арқылы миллиондаған баррельдің бағытын өзгерту – бұл тек логистика емес. Бұл – жаһандық мүдделер соғысының көлеңкесіндегі нақты қадам. Қытай Канада арқылы «мұнайсыз қалам» деп қорқытқысы келмейді. Ол «менің таңдауым бар» деп қана көрсетіп отыр. Ал бұл – Вашингтон үшін аса ауыр ескерту екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда 30-31 қаңтар күні кей көшелер уақытша жабылады

redaktor_qazyr

Қазақстанда резервтегі әскери қызмет енгізіледі

redaktor_qazyr

Көбірек кітап оқуға 10 себеп

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz