Qazyr.kz порталы
экономика

Түркістанның индустриалды картасындағы «шағын өнеркәсіптік парктердің» орны қандай?

Түркістан облысында соңғы жылдары өндірістің дамытуда жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұған инвесторларға жасалған жағдай да, жергілікті биліктің қолдауы айрықша ықпал етуде. Біздің сөзсізге «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы айқын мысалы болады. Аталмыш жоба тұтас экономикалық ортаны қалыптастырып отыр. Сол себепті облысы әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылап, мердігерлерге жұмысты жеделдетуді тапсырғаны бекер емес.

100 гектар аумақта бой көтерген алғашқы парк І және ІІ кезең бойынша 152 өндірістік ғимаратты қамтып, 308 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – шамамен 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны. Бүгіннің өзінде 11 жоба іске қосылып, 790 адам еңбекпен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 29 ғимарат салынып, 26 жоба қосылады. Бұл ретте 136,8 млрд теңге инвестиция тартылып, қосымша 1950 жұмыс орны ашылмақ. Мұндай көрсеткіштер Түркістан облысын еліміздегі ең ірі индустриялық аймақтардың біріне айналдыруға жақындатып отыр.

Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) компаниясы жылына 140 мың дана тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Құны 60 млн еуро болатын бұл жоба екі кезең бойынша жүзеге асады. Бұған қоса жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығы тракторлары, сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылды. Мектеп пен ауруханаға арналған жиһаздар шығаратын зауыттар да жұмыс істеп тұр. Тіпті медициналық жабдықтар мен ішкі есіктер өндіретін өндіріс орындары іске қосылып үлгерді.

Ал қытайлық «Avatar Agricultural Technology Development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты салуға кірісті. Бұдан өңірде ауыл шаруашылығының цифрлық дәуірге қадам басқанын байқаймыз. Алдағы уақытта электромагниттік өлшегіш құрастыратын, өндірістік клапандар жасайтын, кептірілген жеміс пен көкөніс өндіретін зауыттар да іске қосылмақ. Бір сөзбен айтқанда, Түркістандағы өндірістік парк ауыл шаруашылығынан бастап тұрмыстық техникаға дейінгі барлық саланы қамтып отыр.

Осы тәжірибені көрген басқа аудандар да «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын қолға алды. Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағашта жаңа алаңдар салына бастады. Ордабасы ауданында 8 гектар жерге «Бадам» өндірістік паркі бой көтеріп жатыр, оған қазірдің өзінде 5 өндіріс орны қызығушылық танытып отыр. Ал Сауран ауданының ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат тұрғызу жоспарланған. Бүгінге дейін 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында инфрақұрылымдық желілері дайын 19 индустриялық аймақ, шағын өндірістік парк және арнайы экономикалық аймақтың 5 субзонасы бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда қосымша 57 жобаға 195 млрд теңгеден астам инвестиция құйылып, құрылыс жүріп жатыр. Осының бәрі – бір ғана әкімдік шешімі немесе бір реттік науқан емес. Бұл – өңірдің өзіндік экономикалық тірегін қалыптастыруға бағытталған жүйелі саясат. Жұмыс орындарының ашылуы, бюджет кірісінің артуы, жаңа технологияның енуі – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. «Шағын өнеркәсіптік парк» үлгісі дәл қазір Түркістан облысының дамуын жеделдетіп қана қоймай, Қазақстанның өзге өңірлеріне де үлгі болып отыр.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда бірыңғай QR және антифрод-орталық: цифрлық қаржы жүйесі жаңғыруда

admin_qazyr

Қазақстан экономикасының ураннан цифрландыруға дейінгі даму бағыты

admin_qazyr

Салық реформасы: көрінбей қалған көлеңке

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz