Qazyr.kz порталы
АймақАйтарым барэкономика

Түркістан өңірінде жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын салынуда

Түркістан облысы қашан да ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің тоғысқан жері саналады.  Соның ішінде Шардара өңірі мақтамен, балық шаруашылығымен аты шыққан белгілі. Енді осы аймақта тағы бір ірі өндіріс орны – крахмал-сірне зауытының бой көтеруі жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге қауқарлы кәсіпорын тұтас облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалына өз ықпалын тигізетін болады. Қазірдің өзінде құрылыс алаңында 250-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етіп жүрсе, зауыт толық іске қосылғанда 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл – Шардара үшін үлкен демеу, көрші аудандар үшін де жаңа мүмкіндік.

Крахмал-сірне зауытының мәні тек жұмыс орындарымен шектелмейді. Оның өнімдері ішкі нарықта ғана емес, Азия мен Еуропа елдерінде де сұранысқа ие. Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеудегі қосымша құнды арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі.

Осы тұрғыдан алғанда, Шардарада салынып жатқан өндіріс – агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға бағытталған стратегиялық қадам. Жүгеріні терең өңдеу арқылы крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем секілді 20-дан астам өнім өндіріледі. Бұл – бір дәннен бірнеше салаға қажет тауар жасауға мүмкіндік беретін кешенді жүйе.

Бүгінде табиғи қант алмастырғыш ретінде сірне мен глюкозаның маңызы жыл сайын артып келеді. Кондитерлік фабрикалардан бастап, сусын өндірісі, дәрі-дәрмек жасау саласына дейін бұл өнімдер кең қолданылады. Ал Шардарадағы зауыттың тағы бір ерекшелігі – генетикалық түрлендірілмеген (ГМО-сыз) жүгеріні пайдалану және қалдықсыз өңдеу технологиясының енгізілуі. Яғни, өндірістен шыққан әрбір қалдық та қайта өңделіп, құрама жемге айналады. Бұл – экологияға да, экономикаға да тиімді шешім.

Өңір шаруалары үшін бұл зауыттың салынуы жаңа ынталандыру болды. Бұрын мақта егуге бейімделген диқандар енді жүгері өсіруге бет бұрмақшы. Өйткені өнімге тұрақты сатып алушы табылады, зауыт ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауды жоспарлап отыр. Бұл – ауылдағы еңбектің бағалануына, шаруа қожалықтарының табысының көбеюіне әкелетін маңызды қадам. Қазірдің өзінде бірнеше ауылдық округтерде жүгері егістігінің көлемі артып, жергілікті шаруалар алдағы маусымға үлкен үмітпен қарап отыр.

Бұл жобаның артында ауқымды инвестиция бар. Құрылтайшысы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиев. Ол облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге зауыттағы дайындық жұмыстарын пысықтап, өндірістің толық іске қосылуын жеделдету жайын талқылады. Жобаның алғашқы кезеңінде жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау кешендері салынса, қазір екінші кезең – терең өңдеу өндірісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша, зауыт 2025 жылы толық іске қосылады.

Шардарадағы жаңа зауыт – ауыл шаруашылығы мен индустрияны байланыстыратын алтын көпір. Бір жағынан, жергілікті халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтса, екінші жағынан, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосады. Бұл өндіріс тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартпайды, ауылдағы жастарға жаңа мүмкіндік береді, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді.

Мақтамен аты шыққан аймақ енді жүгеріні терең өңдейтін орталыққа айналмақ. Жаңа зауыттың іске қосылуы – тек бір кәсіпорынның ашылуы өңірді индустрияландырудың, ауыл еңбегінің бағалануының айқын белгісі. Әрбір қап жүгеріден қосымша өнім шығаратын бұл зауыт халықтың тұрмысын жақсартып, елдің экономикасына серпін берері сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Балқаш көліне апаратын жол ашылды: Жетісу туризміне жаңа серпін

admin_qazyr

Қорғаста Қытай мен Орталық Азия елдерінің халықаралық көрмесі өтті

admin_qazyr

Балқашта туристік индустриялық аймақ құрылады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz