Qazyr.kz порталы
Жаңалықтар

Сапалы білім – елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың басты шарты

Қазіргі қоғамның дамуы білім сапасымен тығыз байланысты. Елдің экономикалық өсімі, ғылыми жетістіктері мен әлеуметтік әл-ауқаты кәсіби білімі терең, жауапкершілігі жоғары мамандарға сүйенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты әр адамға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруді және өмір бойы білім алу үшін жағдай жасауды көздейді. Білімнің қолжетімді болуы адамның өз қабілетін дамытуына, мамандық таңдауына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады.

Елімізде білім беру жүйесін жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Оқу бағдарламаларын жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибені ескеру білім сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі еңбек нарығы маманнан теориялық біліммен қатар ақпаратты саралау, өз ойын дәлелдеу, жаңа технологияларды меңгеру және кәсіби мәселелерді шешу дағдыларын талап етеді. Сондықтан оқу барысында студенттің алған білімін тәжірибеде қолдануына, өз бетінше ізденуіне және шығармашылық қабілетін дамытуына баса мән беріледі.

Осы міндеттерді жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының орны айрықша. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретінде сапалы маман даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келеді. Университеттің дамуында білім беру мазмұнын жетілдіру, академиялық адалдық қағидаларын орнықтыру, оқу үдерісін цифрландыру және ғылыми зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу маңызды орын алады.

Оқу ордасында білім сапасын арттырудың бір бағыты академиялық ұтқырлық бағдарламаларымен байланысты. Студенттер мен оқытушылар шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасып, білім беру мен зерттеудің түрлі тәсілдерімен танысады. Халықаралық академиялық орта студенттердің кәсіби көзқарасын кеңейтіп, өзге мәдениет өкілдерімен бірлесе жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Сонымен қатар цифрлық платформалар мен электронды кітапханалар оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтсе, зертханалар мен ғылыми орталықтар білім алушылардың зерттеу жұмыстарына қатысуына жағдай жасайды.Университетте маман даярлаудың тәжірибелік бағытына да көңіл бөлінеді. Мәселен, заң факультетінің студенттері заң клиникасының жұмысына қатысып, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету барысында алған білімін қолданады. Олар құқықтық мәселелерді талдап, құжаттармен жұмыс істеуді және заң нормаларын түсінікті тілмен жеткізуді үйренеді. Құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған іс-шаралар болашақ заңгерлердің кәсіби жауапкершілігін қалыптастырып, олардың қоғаммен жұмыс істеу тәжірибесін кеңейтеді.

Сапалы білім беруде профессор-оқытушылар құрамының кәсіби және ғылыми әлеуеті ерекше маңызға ие. Оқытушылардың зерттеу нәтижелерін оқу үдерісіне енгізуі студенттердің өз саласындағы жаңа ізденістермен танысуына мүмкіндік береді. Жас ғалымдарды қолдау, ғылыми жобаларға қатысу және зерттеу нәтижелерін жариялау университеттегі ғылым мен білімнің байланысын нығайтады. Осындай ортада білім алушы дереккөздерді сыни тұрғыдан бағалап, өз тұжырымын ғылыми негіздеуге дағдыланады.

Білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігі де университет дамуының маңызды бағыты саналады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолайлы жағдай жасау, оқу материалдарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және академиялық қолдау көрсету білім сапасына тікелей ықпал етеді. Әр студенттің дәріске, ғылыми жобаларға және қоғамдық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беретін орта оның кәсіби әрі тұлғалық дамуына ықпал етеді.Жоғары білімнің нәтижесі түлектің еңбек нарығына бейімделуінен де байқалады. Өндірістік тәжірибе мен жұмыс берушілермен әріптестік студенттерге таңдаған мамандығының талаптарын ерте түсінуге мүмкіндік береді. Университет түлектері мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында, халықаралық ұйымдарда және жеке секторда еңбек етіп, оқу барысында қалыптасқан кәсіби дағдыларын түрлі салада қолданып жүр.

Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатын жүзеге асыру білім беру мекемелерінің, жұмыс берушілердің және қоғамның бірлескен еңбегін қажет етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым мен білімді ұштастыру, тәжірибеге бағытталған оқытуды дамыту және студенттерге тең мүмкіндік жасау арқылы осы міндетке үлес қосып келеді. Кәсіби білімі терең, қоғамдық жауапкершілігі жоғары мамандар даярлау елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды.

Атаханова Г.М

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика

кафедрасының профессоры

Советхан Ш.Д

Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек қүқығы кафедрасының аға оқытушысы

Ұқсас жаңалықтар

БҚО-да су тасқынына дайындық: Тұрғындарды эвакуациялау орындары әзірленуде

redaktor_qazyr

Депутат еліміздегі сотталған әйелдерге рақымшылық жариялауды ұсынды

admin_qazyr

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында оқушы қыз,өз әкесінен жүкті болып қалған

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz