Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінің алдында жүздеген жастың иін тіресіп, түнге дейін ұзын-сонар кезекте тұрған сәті түсірілген видеолар әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді, деп хабарлайды Qazyr.kz.
Көпшіліктің назарын аударып, желіде қызу талқыланған оқиға 13 қазан күні Алматы қаласындағы танымал KitapAl («Кітап Ал») кітап дүкендері желісінің филиалдарында орын алды. Кітап саудасы орталығының студенттер мен оқырмандарға арнап, барлық баспалардың өнімдеріне 50 пайыздық үлкен жеңілдік жариялауы қала жастары арасында бұрын-соңды болмаған рухани дүмпу туғызды.
Кітап сөрелерін жарты бағасына толықтыруға асыққан оқырмандар дүкен есігі ашылғанға дейін жиналып, кеш батқанша, тіпті түннің бір уағына дейін тарқамаған. Дүкен ішіне адам сыймай, кітап алу кезегі көшеге дейін созылып, жүздеген метрге жетті.
Осыған ұқсас көрініс дәл сол күні еліміздің Атырау, Шымкент және Тараз қалаларында да байқалғанымен, Алматыдағы жастардың белсенділігі мен қарасы ерекше жоғары болды.
Көпшілікті сүйсіндірген басты жайт адам санының көптігі ғана емес, кезекте тұрған жастардың жоғары мәдениеті мен ұстамдылығы. Әлеуметтік желі қолданушылары мыңдаған оқырманның бір-біріне жол беріп, ешқандай айқай-шусыз, жанжалсыз сабырмен өз кезегін күткенін жарыса жазды. «Кітап оқитын ұрпақ өсіп келеді! », «Қазақ жастары кітап оқымайды дейтіндер осы көріністі көрсін» деген ризашылық пікірлер интернет кеңістігін толтырды.
Жастар не оқиды? Қазақтілді нарықтағы сұраныс
Кітап дүкендерінің мәліметінше, жастар арасында сұранысқа ие бағыттардың көшін тұлғалық даму, өзін-өзі жетілдіруге арналған психологиялық әдебиеттер, бизнес пен қаржылық сауат кітаптары бастап тұр. Сонымен қатар соңғы жылдары қазақ тіліне шебер аударылған әлемдік бестселлерлер мен ұлттық классикалық шығармаларға қызығушылық еселеп артқан.
Бұл үрдіс қазақтілді оқырманның талғамы түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Бүгінгі буын тек дайын ақпаратты тұтынып қана қоймай, өз бетінше ізденуге, білімін жетілдіруге және сапалы әдебиеттен рухани нәр алуға ұмтылуда. Смартфон мен қысқа бейнероликтер дәуірінде қалың кітапты қолына алып оқу – саналы таңдаудың белгісі.
Алматыдағы бұл оқиға – қоғамның ішкі рухани сұранысын көрсететін айқын айна. Осы күнге дейін «жастар гаджетке байланып қалды, кітаптан қол үзді» деген пессимистік көзқарасты жастардың өзі бір ғана оқиғамен жоққа шығарды.
Шын мәнінде, жастар кітаптан алыстаған жоқ. Олар тек кітаптың сапалы аудармамен, қолжетімді бағамен және заманауи форматта ұсынылуын күтеді. Кітаптың бағасы екі есе арзандаған сәтте дүкендерге ағылған жастар легі мемлекет пен баспагерлерге маңызды сабақ болды: кітап қолжетімді болса, оған сұраныс ешқашан азаймайды.

