Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Алаш идеясы

Қазақ зиялы қауымының қалып­тасуы­ның өз тарихы бар. Әріректе қадау-қадау білікті ғалым, әйгілі ақын, қажырлы қайраткерлер болғанмен, олар қол ұс­тасып, бірігіп, ортақ тілекпен қайрат қылатын саяси, мәдени топқа айналған жоқ. Сол тұрғы­дан келгенде, зиялы қауым­­ның қалып­тасуы Алаш қозғалысына байланысты деп айтуға болатын шығар.
Бірақ Алаш аза­мат­тарының тағдыры тарихтан белгілі. Қылы­шынан қан тамған большевиктер заманын­да қуғын-сүргінге ұшырап, түгел­дей дерлік атылып кетті. Коммунистік идео­логияның басшылары­на бұл аз көрі­ніп, олардың жазған шы­ғармаларын жоюға тырысты. Тіпті бұл да аз көрінген болу керек, енді олардың атын ататқызбау туралы нұсқау­лар беріліп, оны арнайы органдар қапысыз қадағалап отыратын. Одан кейінгі зиялы қауымның сипаты белгілі: негізінен кеудемсоқ белсенді, жандайшап қаламгерлер мен ғалымдар, өнер қайраткерлері. Олардың өзін екіге бөлуге болар еді. Біріншілері – большевиктік идеяға шын берілген, одан басқа өмірді мойындамайтын, алаңсыз коммунистер, екіншілері – қоғамдағы әділет­сіз­дік пен қиянатты іштері сезетін, бірақ билікке қарсылықты құдайға қарсы­лықтай көретін, көнімпаз, зәрезап топ. Біз ес білген кезде осындай заман болды. Бірақ заман қанша қатал болса да, шындық, әлдебір тесіктен сығалаған жетім сәуледей, ықыласы бардың көзіне түсу­ге сұранып тұрушы еді. Әркім ортасына қарап қалыптасады. Мен өзімнің әрі ағам, әрі өзіме Алаштан қалған алтынның сынығындай көрінетін ұстазым – Сейітбек Нұрхановтың арқа­сында Алаш идеясымен студент кезімде таныстым. Мінеки, осындай идеямен бірге ауы­рып, бірге жүріп, бірге сырласқан, дос­тасқан адамым Рымғали Нұрғалиев деп айтуыма болады. Бір-бірімізбен студент кезімізден та­ныс­пыз. Ол ҚазМУ-де филология факультетінде менен екі курстай бұрын оқыды. Алайда, шын сырластығымыз әдебиет табалдырығынан аттап, алғашқы шығар­маларымыз жарық көре бастаған кез еді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», деген. Қазақта, құдайға шүкір, атақты ғалым аз емес. Бірақ солардың ішінде, қазақ руханиятынан өзіндік ерекше орын алатын, парасаты биік ғалымның бірі емес, бірегейі Рымғали Нұрғалиев. Рымғали ғылыми жорығын ерте бас­тады. Жап-жас кезінде докторлық дис­сер­тациясын қорғап, өз қатарын шулатқаны әлі есімде. Бірақ әлдекімдер Мәскеуге арыз жазып (сондай бір «дәстүр» болған), еңбегін бекіттірмей тастапты деп естідік. Арыз жазғандар диссертациядан қандай қателік тапқанын ол кезде білген жоқпыз. Менің білетінім – Рымғалидың нені жазса да терең зерттеп жазатыны, жан-жақты мол білімі (мектепті медальмен бітіріп, алғашқы жоғары оқу орнына емтихансыз түскенін ұмытпайық), ұлттық мүддеге, Алаштың аманатына адалдығы, туралы­ғы, тазалығы. Жаңағы арыздың тоқетерін кейін білдік: «алашордашыл, ұлтшыл авторларды мақтаған» деген айып тағылыпты. Ол кезде бұл ауыр айып болатын, бірақ бүгінгі күннің шындығынан қарасақ, айтып отырғандары рас та еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ, Рымғали он жылдан кейін докторлығын қайта қорғады. Өткеннен бір оқиға есіме түседі. Ұмыт­пасам, 1972 жылы болу керек. Қа­зіргі аты әйгілі жазушылар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, осы Рымғали, тағы басқалар бар, бәріміз­дің балаларымыз қазақ мектебіне бірінші сыныпқа баратын болып, төбеміз көкке жетіп қуанған едік. Өйткені, ол кезде қазақ мектебінде бала оқыту, шын мә­нінде, ұлттық проблема болды. Ал­маты­дағы №12 мектепті бірыңғай қазақ мектебіне айналдыру үшін, қазақ интелли­ген­циясы билік басындағылардың кеңсе­сін жаға­лап, бірнеше жыл салпақтады. Билік­тің айтуынша, жұрттың өзі бала­ларын қазақ мектебіне бергісі келмейді екен. Міне, біз бір топ жазушы бала­ларымызды әкеп тұрмыз. Бізден басқа да келіп тұр­ғандар аз емес секілді. Жұрттың бойынан ұлттық рухтың ояна бастағанын сезгендей болып, бәріміз де мектептің алдында толқып тұрмыз. Балаларымызды тіркеткеннен кейін, Рымғали шыдай алмай: – Әй, жігіттер, ақ түйенің қарыны жарылғандай мынандай күнде текке тарап кете береміз бе? Кеттік біздің үйге, тойдың басы болсын, – деді. Шақырған түгілі шақырмаған жерге де баруға дайын тұратын кезіміз. Бәлкім оншақты, бәлкім одан да көп – бір топ жігіт балаларымызды жетелеп, Рымғалидың үйіне жетіп келдік. Қысқасы, той басталды да кетті. Рымғалидың үйінен кейін тағы біреу үйіне шақырды. Бас аяғы қанша үйде болғанымыз есімде жоқ, бір қарасам, Қабдештің үйінде отыр екенбіз. Ақыры армансыз тойлап, түнгі сағат үште балаларымызды жетелеп, теңселе басып, үйлерімізге келдік. Бүкіл руханият атаулы негізінен тіл арқылы жасалатыны белгілі. Ұлттық дү­ниетаным, дүниетүйсік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез құлық – бәрі де тілмен қалыптасады. Ал біздің алдымыздағы ел мақтанышы болған ағалардың өз бала­ларын орыс тілінде оқыту арқылы ұлттық сананың әлсіреуін тездете түскені мәлім. Сондықтан осындай – қазақ тілінің бола­шағы жоқ деген ұғым қалыптасқан ортада балаларымызды қазақ мектебіне беруіміз – өзімізге ұлт үшін күрестің басы болып көрінгені рас.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Анар жемісінің пайдасы

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz