Qazyr.kz порталы
АймақБілімҚазірҚоғам

Алматыда жас мамандарға арналған «Jas Kenes Siylygy» байқауына өтінімдер қабылдануда

Алматы қаласында жас мамандардың еңбегін бағалап, ынталандыруға бағытталған «Jas Kenes Siylygy» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Байқау 2025 жылғы 20 шілдеге дейін жалғасады деп хабарлайды Qazyr.kz

Бұл туралы Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Jas Kenes Siylygy» — қоғам назарынан тыс қалып қоятын, бірақ ел дамуына үлес қосатын жас мамандарды қолдауға бағытталған ерекше бастама. Игі жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен қолға алынып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.

«Бұл сыйлық мемлекеттік марапаттармен бәсекелеспейді. Мақсаты — қарапайым, бірақ маңызды кәсіп иелерінің еңбегін бағалау. Президентіміз айтқан «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы осы байқаудың негізі болып отыр», — деді Нұрсұлтан Бекқайыров.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатына Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі, медиа-маркетолог Шолпан Айтқожина да қатысты. Оның айтуынша, бұл сыйлық басшылық қызметте отырмаған, бірақ қоғамның тұрақтылығы мен дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас қазақстандықтарды ынталандыруды көздейді.

«Негізгі мақсат — камера алдында сирек көрінетін, алайда күнделікті еңбегі қоғам өмірінің тұрақтылығы мен жайлылығын қамтамасыз ететін жастарды көтермелеу», — деді Шолпан Айтқожина.

Конкурс 10 аталымды қамтиды. Атап айтқанда:

«Bılım jäne Ğylym» — мектепке дейінгі, орта, жоғары және кейінгі білім беру мекемелерінің педагогтері мен ғылыми қызметкерлерге арналған;

«Zharyq» — энергетика, атом өнеркәсібі және мұнай-газ саласының қызметкерлеріне арналған;

«Örken» — ауыл шаруашылығы кешенінде және азық-түлік өндірісінде еңбек ететіндерге арналған;

«Örleu» — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен креативті индустрия саласының қызметкерлеріне арналған;

«Qaisar» және «Janqiarlyq» — ішкі істер органдары, құтқару қызметі, өрт сөндіру мен азаматтық қорғаныс саласының мамандарына арналған;

«Altyn jürek» — орта және кіші медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге арналған;

«Altyn qol» — жұмысшы мамандық иелеріне (сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б.) арналған;

«Bolaşaq turaly qamqorlyq» — әлеуметтік сала қызметкерлері мен волонтерлерге арналған;

«Önerkäsıp» — өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургия және өндірістің басқа секторларында жұмыс істейтіндерге арналған.

Өтінімді jaskenes.kz сайтында қазақ немесе орыс тілінде онлайн тапсыруға болады. Үміткерлер ҚР азаматы болуы және жасы 35-тен аспауы тиіс.

Жеңімпаздар үш кезең бойынша анықталады: техникалық іріктеу, комиссия мүшелерінің жеке қарауы және финалистермен сұхбат. Әр номинацияда екі жеңімпазға 1 миллион теңгеден сыйақы беріледі. Салтанатты марапаттау рәсімі тамыз айында Астанада өтеді.

Нұрсұлтан Бекқайыровтың айтуынша, конкурсқа қатысу ережесі бойынша жастарға кеңес беру мақсатында Алматыдағы жастар комьюнити-орталықтарында ақпараттық сессиялар өтеді.

Ұйымдастырушылар жастарды белсенділік танытып, өз бағытын тауып, байқауға қатысуға шақырады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Абай Құнанбайұлы туралы сіз білмейтін деректер

Redaktor Site

Аида Балаева: расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын

admin_qazyr

«Дымқыл майлықпен жауып қойған» Түркістан облысында нөмірін жасырып жүрген жүргізушілерге шара қолданылуда

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz