Qazyr.kz порталы
АймақАуыл шаруашылығыБасты ақпаратЖаңалықтар

Аманғали Бердалин Жетісу облысының шаруаларымен кездесті

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Жетісу облысына іссапармен барды, деп хабарлайды Qazyr.kz

Іссапардың басты мақсаты – өңірдің аграрлық саласындағы қазіргі жағдайымен танысу, ауыл шаруашылығын қолдау мен дамыту шараларын талқылау.

Шаруалармен кездесуде ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Жетісу облысы Қазақстанның ауыл шаруашылығында маңызды орын алатынын атап өтті. Өңірдің жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 15,2%-ды құрайды.

2025 жылға қарай Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 412,6 мың гектарға артық. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 510,7 мың гектарды құрайды.

Егіс жұмыстарына қажетті тұқым көлемі 2,3 млн тонна болса, Жетісу облысында қажетті тұқымның 100%-ы дайындалған.

«Біз ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырып келеміз. Шаруаларды қолдау, инфрақұрылымды дамыту және техниканы жаңғырту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді», – деп атап өтті вице-министр.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көктемгі дала жұмыстары мен субсидиялау мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді.

Сапар барысында ол бірқатар шаруа қожалықтарын, сүт-тауар фермаларын, бордақылау алаңдарын, ветеринариялық пункттер мен станцияларды аралап, ветеринариялық мамандармен және балық шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті.

Вице-министр австралиялық технологияны қолдану арқылы етті мал шаруашылығы және өңдеу саласында инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан «Жер-Су» корпорациясына барды.

Өндірістік кластер аясында асыл тұқымды мал басын көбейту, бордақылау алаңының қуаттылығын ірі қара мал бойынша 10 мыңнан 20 мың басқа, ұсақ мал бойынша 20 мыңнан 50 мың басқа дейін ұлғайту, жем зауытын салу және ет өнімдерін өңдеуге арналған құрал-жабдықтар орнату жоспарланған.

Жобаларды іске асыру өңірдің экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға және етті мал шаруашылығын тиімді дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жоба аясында табиғи бал, бал негізіндегі джемдер, табиғи компоненттермен жасалған кремдер, бальзамдар және басқа да косметикалық өнімдер шығаратын ара шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауыты бар.

Аманғали Бердалинге өндірістік желілер, гигиеналық және қаптама стандарттары, өнім түрлері таныстырылды.

Ол мұндай кешенді жобаларды дамытудың маңыздылығын атап өтті, себебі олар ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді өңдеп, экспорттық әлеуеті бар жоғары маржиналды дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 3 сүт-тауар фермасы іске асырылуда.

«ТастөбеАгроФуд» ЖШС-нің жобалық қуаттылығы – жылына 5,7 мың тонна, «Тәуелсіздік» ЖШС – 3,6 мың тонна, ал «Тау Самал» ЖШС – 5,4 мың тонна сүт өндіруге бағытталған.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуде бағдарламаның жүзеге асырылу нәтижелері және оны кеңейту бойынша алдағы жоспарлар талқыланды.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Грекияда орманды өртеп алған қазақстандық туристтер болмай шықты

redaktor_qazyr

Мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшеді

redaktor_qazyr

Астанада әскери-музыкалық фестиваль басталды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz