Сонау 1970 жылдардың бас жағындағы оқиға.
Кейіпкерлердің көбі марқұм болды.
Ал өмірде бары еске алар деген оймен қағазға түсірдім.
Қарақұм ыстығының беті қайтып, кешкі салқын түсе бастаған уақыт. Күні бойы аптаптан үйге тығылып, әбден іші пысқан Фазила киіз үйден шығып, көлеңкеде тынығып жатқан ақтөстің жанына келіп, есейіп қалған күшікті түрткілеп, басынан сипап ойнай бастады. Фазила – осы үйдің тұрғыны, Ысқақ ақсақалдың немересі. Ысекеңнің ұлы Рүстем, Қармақшыда аудан орталығында тұрады. Қарақұмда №2 фермада мал бағатын таныс шопанның үйіне тойға келіп, сол келгенде үлкен кісілерге серік болсын деп, бес жастан енді ғана асқан Фазиланы қалдырып кеткен. Фазила атасы мал жаюға кеткенде әжесіне жақсы ермек. Оны-мұны әкеліп береді, бірге құрт жасап, жаяды. Самауырға отынды да салады, үйді сыпырып тазалаған болады. Істеген ісіне әжесі мәз. Ананы-мынаны айтып онымен әңгімелеседі. Кешке алыстан жайылып келе жатқан өрістегі қой көрінген уақытта алдынан шығып, әкесіне барады. Атасы болса Фазиланы түйеге мінгізіп, мәз болып әрнәрсені әңгіме қылып үйге жетеді. Үйге кіре сала:
– Әжесі-ау, мына баланың маған көп көмегі тиді. Қой айдады, қолғанат деген осы екен ғой, – деп мәз болысады.
Фазиланың түрткілеуінен мазасы кеткен Ақтөс секіріп-секіріп ойнақтап қаша жөнелген. Оған мәз болған бала күшіктің соңынан жүгіріп, бірін-бірі қуалап үйден бір төбе асып та кетті.
Өрістен қайтқан қойлар мен соңындағы түйеге мінген шалының да қарасы көрінді. Осы сәтте кемпір де далаға самаурынын шығарып тұтатты да, кешкі астын қамына енді кіріскен. Қойды қоралап, Ысқақ шал үйге кіргенде, далада күн батып, алакеуім сәт болды. Келе сала немересін іздеген қарт:
– Фазилам-ау, бүгін неге алдымнан шықпадың? Түйеге мінгің келмей қалды ма? – деді. Шошып кеткен кемпірі:
– Не деп тұрсың? Фазила сенің алдыңнан кетпеппе еді?
Екі кісі сасқалақтап, далаға жүгіре шығып, Фазилалап айқайға басты. Бірақ үн қатқан ешкім жоқ.
– Ойбай-ау мен күндегі әдетімен сенің алдыңнан кеткен шығар деп отырмын ғой, – деп жанұшырған кемпір төбеге қарай жүгірді. Артынша шалы да жүгіріп келді. Одан құдық басына барды. Еш үн жоқ. Ай да жап-жарық. Бірақ көз жетер жерден еш қара көрінбейді.
Шал түйесіне міне сала, көрші отырған Балтабекке барды. Онда да жоқ болып шықты.
Дабырлап, даурығысып Балтабек те дереу әйел, бала-шағасымен іздеуге шықты. Екі үйдің арасы 4-5 шақырым жер. Арасын шамамен 10 метрден қойып, екі баласы, әйелімен Ысқақ ақсақалдың үйіне қарай дауыстап, Фазила, Фазила деумен бұта-бұтаның арасын сүзіп келеді. Еш дыбыс жоқ.Үйге жетсе кемпір ойбайын салып, өзін қоярға жер таппай:
– Мені қара басты ғой, шұнақ құдай! Қалай ғана көз жазып қалғам? – деп еңіреп отыр.
Үш атты құм-құмды аралап, көрші шопандарға кетті. Хабар алған көршілер де атқа қонды. Сөйтіп, шапқылаумен таң да атты, баладан хабар жоқ. Ертесіне хабар бүкіл Қарақұм шопандарына, сонау Тышқантамындағы әскерилерге де жетті. Олар да іздеуге шықты. Машиналарымен олай-бұлай кезді. Бала әлі жоқ. Осылай төрт күн өтті. Жоқшылар баладан күдер үзе бастады. Мына аптап ыстықта шөлге де шыдамас. Одан жыртқыш аңда бар. Не болса да баладан күдер үзбеуден басқа амал қалмап еді.
***
Бақыт Демеуов ақсақал соғыс ардагері, соғыстан кейінгі жылдары Қазалы ауданының ішкі істер бөлімінде басшылық қызмет етіп, көпті көрген кісі. Осы совхоздың 2 фермасында қой бағатын. Малдың жайын жақсы біледі. «Шақаның құдығы» деген жерде жайлап отырған. Күндізгі аптапта малын құдықтың басына тастап, түс ауа малды құм бетіне жайылымға шығарған. Салқын түссе қойлары бытыра жайылып, өзі соны сырттай бақылап, түйесін шөгеріп қойып демалып отырады. Бір сәт сырт жағынан шөптің сыбыры естілгендей болады. Жайлап мойнын бұрғаны сол еді, жүрегі тас төбесінен шықты. Өз көзіне өзі сенер емес, тілін кәлимаға келтіріп, «Біссіміллә, біссіміллә» деп қайталай берді. Шашы жалбыраған, үстінде жеңіл ғана қызыл ала көйлегі бар, 3-4 жас шамасындағы қыз бала жедел басып жүріп келді де, әй-шәй жоқ малдас құрып отырған мұның алдына келіп, отыра қалды. Шалдың ойына түскені осы маңайда шайтан болады деп еститін. «Шайтанда кіндік болмайды» дегенді ертеректе естігені есіне түсіп, жайлап қолымен әлгі баланың ішін сипалап көрді. Жоқ, кіндігі бар. Демек, бұл бала адам екен ғой деп, жүрегі орнына түсті. Баланың бетіне қарады. Еріндері кеберсіп, шөлдегені байқалып тұр. Түйеге байланған торсықты алып баланың аузына жайлап қана сусыннан тамызды. Бала тағы да тамсанып, жұтқысы келіп барады. «Балам, енді болмайды» деп сәл демалдырып, тағы да екі-үш жұтым берді. Бала терлеп қоя берді. Солай қылып үш-төрт рет қайталады. Бала жанталасып, тағы ішкісі келіп барады. Қанша ұмтылса да енді бермеді. Соғыстан да, өмірден де тәжірибесі бар шал шалапты жасырып қойды. Бала сәл қыңқылдап жылады да ұйықтап қалды. «Бұл бала қайдан келді?» деп Бақыт шал аң-таң. Арқа жағы тастақты жықпал-жықпал, ол бағытта сонау Тышқантамы Абақанға дейін ел жоқ. Неде болса Құмдағы Көмбе, Айыртабан, Сарытабан жақтан келе ме? Ол жақта 3 ферманың малшылары бар. Күн ұясына кіре Бәкең де алдында шашы жалбыраған қызы бар, қойды ауылға беттетіп, үйге келеді. «Шырағым-ау, мынау кім?» деп кемпірі аң-таң. Шалы болған жайды жайлап айтып жатыр…
«Ойбай-ау, мынау неше күннен бері ел болып дүрлігіп іздеп жатқан көрші фермадағы Ысқақ шалдың немересі ғой. Ой, айналайын тірі екен ғой, тірі екен ғой» деп құшағына ала сала Лиман ана үйге қарай жүгірді. Бәкең болса кемпіріне айғайлап:
– Әй, балаға ешқандай тамақ, су бермеңдер. Тек суға түсіріп, орап тастаңдар. Қазір өзім барамын, – деп түйенің жазысын алып тұсап, жайылымға қарай бағыттап жіберді.
Үйге кірсе, баланы шомылдырған, үстіне әп-әдемі етіп өздерінің кіші қызының көйлегін кигізіпті. Қыз ешкімді жатырқайтын емес. Бәрі қауыр-дауыр баланы ортаға алып, мәз болып жатыр. Атың кім, кімнің баласысың, қалай кетіп қалдың, не көрдің, қайда қондың, кіммен ұйықтадың, жыладың ба? Әйтеуір сұрақтар көп. Бала да былдырлап шамасы келгенше жауап берген болады. Түсінікті ештеңе жоқ.
Солай қауыр-дауыр отырғанда су таситын көліктің даусы естілді. Артынша үйге ферма басшысы Бәштай Сатыбалдиев «Кеш жарық!» деп кіріп келді. Ауылдың амандығын, елдің жайын сұраған соң «мына көрші фермадағы Ысқақ шалдың үйі ертең түске құдайы асқа шақырған. Соған осы жерге қонып, ертең ертерек шығып кетеміз» деп жөнін айтты.
Сол кезде Бақыт ақсақал: «Ал, құдайы асқа барсаң, енді тойға барасың» деп күлді сабырлы қалпын бұзбай. «Мынау отырған сол жоғалған бала» деп мән-жайды айтып, таң қалдырды. Сол күйі шала-пұла тамақ ішіп, Фазиланы алып, Бәшекең мен Бақыт ақсақал Ысқақ шалдың үйіне тартты.
Жаз айының қысқа түні. Түн ауа Ысқақтың ауылына да жетті. Жұрт абыр-сабыр ертеңгі асқа мал сойып дайындық үстінде. Бәшекең шамалы қулыққа басып, баланы жүргізушінің қасына қалдырды да, Бақыт ақсақал екеуі үйге кірді. Төрде Ысқақ, одан төмен баласы Рүстем, босағада кемпірі бұларды көріп, көңілдері босап, дауыс сала бастаған. Сол сәтте Бәшекең:
– Ал Сәке, сүйіншіңді дайында. Бала табылды, – демесі бар ма? Ысқақ ақсақал ашуға басты:
– Әй, Бәштай! Не деп отырсың? Бес күннен бері жоқ баланың сүйегіне сүйінші сұрап отырсың ба? Құдайдың мазағы аз болғандай, енді сенде мазақ қылайын дедің бе? – деп жекіре жөнелген. Сасып қалған Бәшекең:
– Жооқ, бала тірі, машинада отыр. Әй Рүстем, бар, алып кел, – деген. Рүстемнен бұрын жылап отырған кемпір тұра жүгірді. Кемпір даладан айқайлап келеді:
– Ақсарбас, Ақсарбас, Жаратқан Аллам бар екен. Менің көз жасымды көріпті, – деп жүрегі жарыла айқайлап келеді.
Даладағылар түк түсінбей, аң-таң болып жатыр. Иә, Алланың қалауымен бала табылды. Періштесі қақты ма, Жаратқанымыз көріп, тілектері қабыл болды ма не болса да бала далаға төрт қонып, бесінші күні өз аяғымен түйелі қойшыға кезіккен. «Өлді деген батырың, өгіз мініп келер» деген осыдан қалған шығар.
Автор: Ордабек Тотайұлы