Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚоғам

Әңгіме: Тағдыр бізді аямапты

Мен ата-анамның тұңғыш қызы едім. Әкем оқымаған, ешкімде шаруасы жоқ, көп сөзі жоқ кісі. Қолынан келген жұмыстарды істеп, біздерді асырап жүрді. Анамның да білімі мектеп табалдырығынан аспаған. Менен кейін төрт ұлды дүниеге әкелді.
Ауылда жағдайымыз тым керемет болды деп те айта алмаймын. Сыныптастарым әдемі көйлек киіп, сайраңдап жүргенде мен барымды киіп жүретінмін. Шынын айтсам іштей қызығатын да едім.
Осылайша, мен алтыншы сыныпқа келгенде отбасымыз берекесіздікке ұшырады. Анам әкемнің тапқан-таянғанын оңды-солды шашып ұстайтын еді. Әйел болып жоқтан бар жасап, үнемдеу деген анамның табиғатында жоқ. Бес балаға алатын пособияны да өз керегіне жаратып, алтын алып рахаттанып жүретін. Біздің үстіміздегі киім, оқуға керек-жарақ ойландырмайтын.
Пособия алу, пособияны жуу деген анама мереке еді. Соны алған күні тойлап кететін. 7 айлық бауырымды қарап, мен сабақтан қалатын едім.
Кейде арақтарын көтеріп құрбылары келеді. Жағылмаған от, жұмыстан келетін күйеудің тамағы, бала-шаға жағдайы деген анамды мүлдем ойландырмайтын еді.
Ал Әкеміз келгенде басын айналдырып, әйтеуір аузын жабатын.
Ана деген өмірге балаларын әкелген соң, бар мейірімін төгуші еді ғой, ал менің анамның ойына ондай ой кіріп шыққан емес.
Мектепте нашар тұратын жанұялардың балаларына берілетін көмекті анамыз ұялмастан алып алатын. Әкеміздің тыртыңдап тапқаны тамақтан асқан емес. Сиыр саууға ерініп, анамыз сүтті де сатып алуды, одан қалса көршіден сұрай салуды жөн көретін.
Күндердің бір күні анам үкімет беретін жәрдемақыны алып, облыс орталығына кетті. Өзінің айтуы бойынша біздерге киім-кешек сатып әкелу үшін бармақшы. Үйде әкем және 4 бауырым қалдық. Ең кіші бауырымның жасы ол кезде 2-де еді. Сенесіздер ме, сол кеткеннен анамды көрген емеспін. Қазір мектеп бітіріп, аудан орталығында жұмыс істеп жүрмін.
Анам бір аптаға кетіп, сол кеткеннен оралмады. Күнде «әне келер, міне келер» деген үмітпен анамызды үздігіп сағына бердік. Басында «біреулер өлтіріп кетті ме» деген уайым да болды, ештемесі де керек жоқ, «өзі аман келсе екен» деп те армандадық. Әкемнің анамды іздейтіндей қаржысы да жоқ еді, шынын айтсам әкем ауылдан өмірі ұзап шығып көрмеген жан.

Ал мен ол кезде 7 сынып оқушысы едім. Содан бастап мен бірден есейдім. Бауырларыма әкем әкелген ақшаға тамақ сатып алып, үйде от жағып, яғни бір отбасы әйелінің жұмысы менің мойныма артылды. Сабақты босатуым да көбейді. Ауыл болғасын барлығы біліп отырғандықтан, бізге жанашырлықпен қарады. Ал, әкем болса тіпті мүлдем сөйлемейтін болды. Бауырларым ананың бір мейірімін көрмей өсті.
Елге «анам келеді, бізге хабарласып тұрады» алдайтын болдым. Ондағы ойым — ел біз туралы, анамыз туралы жаман ойламаса екен деген балалық шала қулық еді.
Кіші інім ыстығы көтеріліп ауырғанда, анасының мейірімін сағынғанда не істерімді білмедім. Тіпті, өзіме қол салғым келген уақыттар да болды. Әкем байғұс екінші рет үйленбеді, бес баласы бар еркекке кім тие қойсын. Ортаншы інім от жағамын деп, ағаш жарып жатқанда ағаштың бір қылтанағы көзіне тиіп, бір көзіне зақым келіп, өмір бойы жарымжан болып қалды. Көзіне еш мән бермей жүргенде көзі іріңдеп, асқынған екен. Кіші інімнің аяғына суық тиіп, әлі күнге дейін бір бүйірі ауырады. Қайсібірін айтайын, анасыз өткен күніміз құрысын.
Кейіннен ұзынқұлақтан естісек, анамыз екінші рет тұрмысқа шығып кетіпті. Бес баласы барын біле тұра алған еркектің де ойлау өресі шамалы сияқты. Мүмкін, анам жас қыздай тиіп отырмын деп құлағына «лапшаны» ілуі де мүмкін. Ондай іс менің анамның қолынан оңай келеріне күмәнім жоқ.
Қазір аудан орталығында бір дүкенде жұмыс істеймін. Ауылға апта сайын барып тұрамын. Үлкен інім ауылда ұсақ-түйек жұмыс істеп жүр. Екі інім мектеп қабырғасында. Мен келгенде аналары келгендей естері шығып қалады. Іштей осындай өмірді көрсеткен анама деген өкпем қара қазандай.
Бес баланы дүниеге не үшін әкелді, балалардың «пособиесі» ме қызықтырған?
Мен ертең тұрмысқа шықсам, баратын жерім не айтары белгісіз. «Анасын көріп қызын ал» демекші, ана тәрбиесі мен ана махаббатынан жұрдаймын. Оқыған оқуым да жоқ. Бір ақшаны бірге қосып өмір сүріп жатқан жайым бар.

Ұқсас жаңалықтар

Депутаттар нөпірмен су келе жатқанына алаңдаулы

redaktor_qazyr

Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны

redaktor_qazyr

«250 мың теңге алған» Созақта жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяқтық жасаған ер адам ұсталды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz