Qazyr.kz порталы
ӘдебиетӘмбебапҚазір

Артта қалған арт-рынок

Қазақстанда арт-рынок қалыптасты ма? Оның болашағы қандай? Дәл қазір осы сұрақтарға толық және түпкілікті жауап беру мүмкін емес. Нарықтық қатынастар әлеміндегі ең бір елеулі сала шынымен де бізде әлі күнге дейін аяғын жазды деп айта алмаймыз.

Әрине, тәуелсіздік жылдарында қазақтың бейнелеу өнері қарыштап дамығанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ең аяғы, біздің елімізде классикалық бағытты былай қойғанда, абстрактілі бағыттың сан саласында өнер туындыларымен көріне білген қыл қалам шеберлері көптеп саналады. Бірақ олардың осынау тамаша өнер туындыларын тарату, нарық тілімен айтсақ сату жұмысы әлі күнге дейін бір ізге түспей келеді.  Неге? Негесі сол, қазақстандық арт-рыноктың өзі тұрмақ, оның басты атрибуттары өмірімізге дендеп ене алмай отыр. Арт-дилер, галерея және сатып алушы деген маңызды құрамдар пайда болғанда ғана арт-рынок қалыптасады.

Бізде арт-рынок неге қалыптаспай отыр? Ең басты себебі, ұсыныс бар, сұраныс жоқ. Әрине, бір айлықпен өмір сүретін отбасының өнерге қызығушылығын ояту – баланың ойыны, бақсының жыны. Бірақ біздің елімізде мол байлыққа кенелген іскер адамдар да бар ғой. Міне, осы «контингентпен» жұмыс істеу керек. Әрине, дәл қазір бізден Третьяков сияқты өнер демеушілері шыға қоймас. Жабайы капитализмнен енді-енді басын көтеріп жатқандардан Третьяков шығуы – екіталай. Дей тұрғанмен, оларды жеке коллекционер ретінде қалыптастыратындай жағдай жасалуы керек.

Қазақстанда 50 ең бай адамның үшеуі ғана ірі коллекционер. Бұл – көп пе, аз ба? Әрине, аз. Өлмейтін өнер туындыларының нағыз құндылық екенін әзірше бай-манаптардың тоқсан пайызы түсініп отырған жоқ. Өнер туындыларына салынатын инвестиция бізде теңізге құйған тамшымен бірдей.  Соның кесірінен қазақстандық арт-рынок тұжырымдамасы бұлыңғыр күйінде қалып отыр. Ең бастысы, қазақстандық арт-рынок ойыншыларының арасында келісімге келу алаңы жоқ, галерея иелері, суретшілер мен сатып алушылар арасында жүйелі диалог жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық суретшілердің еңбектерін дүниежүзіне таныту үшін арт-рынок ұйымдасқан түрде жұмыс істеуі керек. Бізде, бір қарағанда, суретшілеріміз де, түрлі галереяларымыз да жетерлік. Бірақ, галереямыз тек салондық деңгейде ғана жұмыс жасап жатқаны қынжылтады. Мұны «арт-рынок» деп атауға келмейді. Суретшілеріміз шығармаларын шеберханаларынан сатып жіберуге тырысады. Ал шеберханада сурет галереяға қарағанда арзанға түсетіні белгілі. Қазақстандық арт-рынок көшедегі сауда деңгейінен аса алмай тұр. Өйткені кез келген шетелдік турист пен қазақстандық азамат үшін қалаған картинасын галереядан қарағанда «Арбаттан» сатып алуы оңай. Ең өкініштісі, бірнеше ай суретші өзінің интеллектін, көз майын, уақытын, маңдай терін жұмсап жасаған жұмысына өзі қалаған бағаны қоя алмайды. Себебі сатып алушылардың аясы өте тар. Қазақстанда картина жинаумен айналысатындарды саусақпен санауға болады.

Қазақстан тұрмақ, Ресейдің өзінде бұл бизнес енді-енді аяғынан тұрып келеді. Қазіргі заманғы әлемдік өнер нарығының 78 пайызын Қытай мен АҚШ құрап отырғаны жасырын емес. Миллиардтаған доллар осы екі елде айналып жатыр. Қытайдан келген жаңа капиталистердің арқасында Гонконгтың жалпы сатылымы 2003 жылы 98 миллион доллардан 2011 жылы 836 миллион долларға дейін өсті. Ресей әлемдік сауданың қазіргі құрылымында әлі де арт- құндылықтардың шағын нарығы болып табылады. 20 ғасырдың екінші жартысындағы заманауи өнердің ең қымбат туындыларының Artprice 400 тізімінде тек 2 ресейлік суретші және 183 қытай есімі бар. Соған қарамастан, Sovcom аукционының жетекшісі Юрий Тюхтиннің айтуынша, Ресейде ең бай жүздіктің 80-і картина жинаса, ал 50-і одан да көп жинайды.

Өкінішке орай, Қазақстанда арт-рыног әлі де әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде мойындалмай отырғанын мойындауымыз керек. Оның объективтік және субъективтік себептері өте көп.

Біріншіден, осы бағыттағы заңнамамыз өте төмен деңгейде. Ең алдымен «Қазақстандағы арт-рынок туралы» Заң қабылдануы керек-ақ. Онсыз елімізде бұл саланың өркендеуі тіпті де мүмкін емес.

Екіншіден, мемлекет тарапынан өнер адамдары әлеуметтік тұрғыдан қорғалмайды. Әсіресе, қазіргі заманғы бейнелеу өнерімен айналысатын адамдардың әлеуметтік мәртебесін былай қойғанда, олардың өнімдерін сатып алуға мемлекет өте енжар қарап отыр. Бір ғана мысал. Талдықорған қаласындағы өнер музейінде бар болғаны 300-ден аса картина бар. Ал Қытайдағы жалғыз жеке коллекционердің қоры 12 мың экспонаттан асады. Осы цифрлардан кейін біздегі жағдайды бажайлай беріңіз.

Үшіншіден, тауарды (өнер туындысын) өткізудің нарықтық технологиясын меңгеру жағы әлі мардымсыз. Қазақстанның басты қалаларындағы арт-галереялар әлі де болса стихиялы түрде жұмыс істеп жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Төртіншіден, біздің елімізде өнер ошақтары өте көп. Бірақ соларда қазақстандық суретшілердің көрмелері өте сирек өткізіледі. Осы бағытта Үкімет, әсіресе мәдениет және сопрт министрлігі құлшыныспен жұмыс істеуі тиіс. Өйткені өнерге құштарлық картинаны сатып алудан емес, сол картиналарға терең үңіліп, ойлауға үйренуге бейімделуден басталады. Ал ойлауды үйренген қазақ күндердің күнінде ойланбай картина сатып алуды да әдетке айналдыратынына сенімдімін. Өркениеттің көшінен қалмау деген осы!

 

Бердібек Шархан.

Ұқсас жаңалықтар

Таң атпай Шымкенттегі «Кең баба» саябағында өрт шықты

redaktor_qazyr

Мадс Миккельсен Қазақстанда қандай фильм түсіргісі келер еді?

redaktor_qazyr

Ташкент кімнің жері?

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz