Батыс Қазақстан бойынша «Study in Kazakhstan» көрмесі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтіп жатыр. Көрмені алғашқы күні мыңнан астам оқушы мен жергілікті тұрғындар келіп тамашалады, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі ұйымдастырған «Study in Kazakhstan» көрмесі қазақстандық жастарға халықаралық аренада білім алу мүмкіндіктерін ұсынады. Атыраудағы көрмеде 40-тан астам жоғары оқу орны білім беру бағдарламалары бойынша мамандықтарын таныстырды.
«Атыраумен көршілес жатқан Ақтөбеде биыл екінші жыл қатарынан британдық Хериот-Уотт университеті 400-ге жуық студентке білім беріп жатыр. Осындай 20-дан астам шетелдік оқу орынының филиалдары және еліміздегі университеттердің өкілдері Атырауға келіп отыр. Басты мақсат – өңірдегі ата-аналар мен оқушыларға еліміздегі мүмкіндіктерді көрсету. Биыл министрлік Атырауға қосымша тағы да 500 грант бөліп отыр. Сондай-ақ талапкерлер шетелдік университеттердің филиалдарында мемлекеттік грант негізінде оқи алады», – деді Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.
Көрмені тамашалауға Атырау қаласында орналасқан мектептердің 10-11 сынып оқушылары мен ата-аналары келіп қатысты.
«Study in Kazakhstan» Қазақстанның батыс аймағында төртінші рет ауқымды түрде ұйымдастырылып отыр. Атырау университетіндегі көрмені 7-8 сәуір күндері тамашалауға болады.