Әлемдік экономиканың арбасын Азия тартатын заманда Азия даму банкі (АДБ) әр мемлекеттің болашақ қаржылық бағытына қатысты маңызы зор болжамдар жасайтыны белгілі. Күні кеше жарық көрген «Asian Development Outlook 2025» есебінде Қазақстан туралы дерек те бар. Онда еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 4,9 пайызға өсетіні, ал 2026 жылы бұл қарқын 4,1 пайызға дейін бәсеңдейтіні айтылған. Қарапайым тілмен айтқанда, 2025 жылы экономикамыз серпін алатыны, бірақ 2026 жылы сол серпінге салмақ түсетін түрі бар.
Неге бұлай? Себебі, АДБ мамандары Қазақстан экономикасының 2025 жылғы өсімін Теңіздегі Future Growth Project – яғни мұнай өндіру көлемін арттырумен байланыстырып отыр. Ал бұл жобадан түсетін табыс 2026 жылы тұрақталып, фискалдық консолидация – яғни бюджет шығындарын қысқарту мен салық саясатын қатаңдату секілді реформалармен алмасады. Бұл өз кезегінде экономиканы баяулатады. Айталық, бюджет шығынын шектеу дегеніміз – инфрақұрылымдық жобаларға қаржы аз бөлініп, мемлекеттік инвестициялық жобалар азаяды деген сөз.
Ал АДБ Қазақстан билігіне өзінің нақты ұсыныстары мен экономикалық тиімді шешімдерін бағыттап отыр: «Ұлттық қордан үнемі ақша алуға иек артуға болмайтынын, оның орнына мемлекеттік қаржыны тиімді жоспарлауды үйрену керектігін айтуда. Бұл сөз – жай ғана техникалық ескерту емес, бұл еліміздің болашақ экономикалық дербестігіне әсер ететін ілкімді ақыл кеңестер. Ұлттық қор – кез келген сыртқы соққыдан сақтайтын соңғы қорған. Егер біз оны ағымдағы шығынға жұмсай берсек, алғашқы дауылда-ақ күйреп қалатынымыз анық.
Банкирлер бұдан бөлек, салықтық реформа жайын да атап өтті. Жаңа болжам бойынша, 2025 жылы бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 2,8 пайызына дейін жетеді. Бірақ бұл сандар 2026 жылы қайта теңгеріледі – 1,7 пайызға дейін қысқарады. Неге? Өйткені Үкімет қосылған құн салығын (ҚҚС) арттыруды және салықтық жеңілдіктерді қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл салықтық реформа – экономиканың көлеңкелі тұстарын сауықтырудың батыл қадамы болмақ.
Инфляция мәселесі де назардан тыс қалмады. АДБ болжамы бойынша, 2025 жылы инфляция 8,2 пайызға дейін, ал 2026 жылы 6,5 пайызға дейін төмендейді. Бұл — Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қаржы министрлігінің ақша-несие саясаты нәтижелі бола бастағанының бір көрінісі. Бірақ бұл жерде де сақтық керек: әлемдік шикізат бағасына тәуелділігіміз артқан сайын, инфляцияны тежей алмай қалу қаупі де бар.
Ал есептегі ең маңызды тұстардың бірі — табиғи апаттарға қарсы дайындық мәселесі. Қазақстан – сейсмикалық, климаттық және су тасқыны сияқты табиғи апаттар жиі болып тұратын ел. Сол себепті АДБ билікке көп деңгейлі тәуекелдерді басқару стратегиясын әзірлеңіздер деп отыр. Бұл – институционалды дайындықтың артуы, яғни болашақта Алматыда жер сілкінісі болса немесе Аралда экологиялық апат ушыға түссе, Үкімет қаржыны қайдан табатыны және халыққа қалай көмек көрсететінін алдын ала білуі тиіс дегенді білдіреді.
Айтпақшы, бұл есеп АҚШ-тың жаңа импорттық тарифтері жарияланғанға дейін дайындалған. Демек, егер Вашингтон жаңа экономикалық шектеулер енгізсе, бұл Азия-Тынық мұхиты аймағындағы дамушы елдер экономикасы, соның ішінде Қазақстанға да жанама әсер етуі мүмкін. Әсіресе мұнай экспортындағы логистикалық бағыттарға және жаһандық сұранысқа тікелей ықпал етуі ықтимал. Сондықтан экспорт бағытындағы әрбір кедергіні егжей-тегжейлі бақылап отыру – елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі болып табылады.
Қазақстан АДБ-ға 1994 жылы мүше болды. Содан бері елімізге 7,5 миллиард доллардан астам инвестиция, несие, грант берілді. Бұл қаржы – тек жол мен электр желілерін емес, қаржылық басқару, көлік, энергетика және мемлекеттік сектордың реформаларын жүзеге асыруға бағытталды. Демек, АДБ – жай ғана халықаралық банк емес, бұл – Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде қалыптасқан ұйым.
Аталған қаржылық ұйымды 1966 жылы 69 ел қаржы салып дүниеге әкелген болатын. Оның 49-ы – Азия елдері. Бұдан нені байқауға болады? Бұл – Азиядағы геосаяси және экономикалық өзара көмек пен ықпалдасудың қалыптасқан орнықты жүйесі екені анық. Яғни, АДБ – АҚШ, ЕО немесе БҰҰ емес, Азия мемлекеттерінің өзара ықпалдасуы мен дамуын үйлестіру құралы.
Сөз соңында айтарымыз: Қазақстан алдағы жылдары стратегиялық, фискалдық және институционалдық батыл қадамдар жасамаса, әлемдік қаржы алаңында мұнай мен оның бағасына тәуелді ел ретінде экономикалық артта қалу қаупі бар. Тәуекелдер мен қауып-қатерлерді азайту үшін АДБ-ның айтқандарын тек бюрократиялық есеп ретінде емес, ел болашағын қалыптастыратын жол картасы ретінде қабылдайтын уақыт жетті. Бұл жол — фискалдық тәуелсіздікке, институционалды тұрақтылыққа, экономикалық егемендікке апарар жалғыз сүрлеу.
Бердібек Шархан