БҚО-да су тасқынына дайындық: Тұрғындарды эвакуациялау орындары әзірленуде,деп хабарлайды Qazyr.kz.
Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Өңірдегі 186 елді мекеннің 128-інде қауіп сейілгенімен, 58 ауылда жағдай әлі де тұрақсыз. Бұл туралы облыс әкімінің төтенше жағдайлар жөніндегі кеңесшісі Ернұр Өтеген «Түскі формат» бағдарламасында мәлімдеді.
Жергілікті билік табиғи апаттың алдын алу үшін бірқатар шараларды қолға алды. Өзен жағалауларында қорғаныс бөгеттері салынып, су арналары тазартылуда. Сонымен қатар, елді мекендердегі арықтар ретке келтіріліп, су ағызу жүйелері жаңартылып жатыр.
Облыстағы төтенше жағдайлар қызметі мен әкімдік тасқын қаупі бар аймақтарды бақылауда ұстап отыр. Егер төтенше жағдай орын алса, тұрғындарды эвакуациялау үшін арнайы орындар дайындалған.
2024 жылғы көктемде БҚО-да қатты су тасқыны болып, жүздеген үй су астында қалған еді. Биылғы жағдайға келер болсақ, синоптиктердің алдын ала болжамдары қардың қалың түсуіне және топырақтың ылғалға қанық болуына байланысты қауіптің жоғары екенін көрсетіп отыр.
Дегенмен, жергілікті билік биылғы тасқынға өткен жылмен салыстырғанда тыңғылықты дайындалуда. Су деңгейін бақылау, инженерлік құрылымдарды нығайту және эвакуациялау шараларын күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ұстануды ескертеді. Атап айтқанда:
Су тасқыны қаупі бар аудандардағы тұрғындар эвакуация жоспарымен танысуы керек.
Әр отбасы қажетті құжаттары мен маңызды заттарын сақадай сай ұстауы тиіс.