Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты деп хабарлайды Qazyr.kz
Құрамыс ықшам ауданында қала басшысы 1500 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатқан нысанды аралады. Бұл білім ордасының іргетасы 2023 жылдың тамызында қаланған болатын. Қазіргі уақытта ауданның тұрғындар саны артып, жаңа тұрғын үйлер белсенді түрде салынуда. Осыған байланысты оқушы орындарына деген сұраныс артып отыр — 2024–2025 оқу жылына жетіспеушілік шамамен 5 мың орынды құрайды.
Мектеппен қатар 320 орындық балабақша да бой көтеруде. Қазіргі таңда оның 65 пайызы дайын. Алайда қала әкімі бұл нысандағы құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, қалалық құрылыс басқармасына бақылауды күшейтуді тапсырды.
– Мұндай жұмыс болмайды! Уақтылы аяқталмаған жұмыстар үшін мердігерлермен келісімді үзулеріңіз керек. Оларды адал емес ұйымдар тізіміне енгізіңіздер. Әрбір нысан бойынша қатаң бақылау болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Сапар барысында әкім 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылысымен де танысты. Жаңа нысан 30 мыңға жуық адамды қамтып, №26 қалалық емхананың жүктемесін азайтады. Сонымен қатар қала басшысы жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерді ретке келтіріп, оқушылардың мектепке оралуына дейін аяқтауды тапсырды.
– Жоба бар, қаржы бөлінген, инженерлік желілер тартылып жатыр. Ендігі міндет – жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау. Жолдарды қазуға қатысты барлық жұмыс жазда бітуі керек, – деді әкім.
Сондай-ақ, әкім Ақжар ықшам ауданында су және кәріз жүйелерінің құрылысына қатысты жобаның екінші кезеңінің жүзеге асырылуымен танысты. Жалпы ұзындығы 82,4 шақырым болатын инженерлік желілер салынып жатыр. Қазірдің өзінде 31 шақырым су құбыры және 27 шақырым кәріз желілері тартылған. Жобаны толық аяқтау 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Жоба іске асқанда 33 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады.
Әкімнің келесі бағыты – Абай даңғылын Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасы болды. 5,3 шақырымдық жолдың 4,7 шақырымы пайдалануға берілген. Жақында ғана, 30 мамыр күні, Алтын Орда мен Құрылысшы көшелерінің арасындағы 600 метрлік бөлігі ашылды. Қалған бөлігінде асфальт төсеу, тротуарлар мен жергілікті жолдарды салу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 2025 жылдың қарашасында толық аяқталады деп күтілуде. Жалпы қала бойынша орташа жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін бітуі тиіс.
Сапар соңында Дархан Сатыбалды №7 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан емханасына барды. Мұндағы стационарлық бөлім 15 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген. Қазіргі таңда инженерлік жүйелер, шатыр және жүк лифттері жаңартылуда.
Қала әкімі аудан әкіміне барлық нысандарда жұмыс сапасын және мерзімін қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.