Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді,- деп хабарлайды Qazyr.kz
Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысындағы сквердің жалпы аумағы – 4,16 гектар. Қазіргі уақытта мұнда тоған салу, ұңғымалар бұрғылау және инженерлік желілер тарту жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі көгалдандыруға ерекше мән беруді тапсырды.
Әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзенінің үстіндегі көпірді қайта жаңарту жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Жасыл желекті сақтау мақсатында құрылыс уақытша тоқтатылып, жобаға өзгерістер енгізілген. Дархан Сатыбалды құрылыс белгіленген мерзімде аяқталып, жағалау аймағының көркем бейнесі сақталуы тиіс екенін ескертті.
1 500 орындық жаңа мектептің құрылысы бойынша әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оқу жиһаздары жеткізілген. Мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Торайғыров көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жұмыстар қазан айында толық аяқталады. Аумағы көгалдандырылып, тротуарлар, веложолдар, спорт және балалар алаңдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесі орнатылады.
Гагарин даңғылының Жандосов пен Абай көшелерінің аралығындағы көркейту жұмыстары аяқталды. Жаңа орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылған, спорт алаңдары мен суару жүйелері қалпына келтірілген.
Сапар қорытындысында қала әкімі Дархан Сатыбалды ақауы жоқ немесе айтарлықтай зақымданбаған асфальт пен жиектастарды ауыстыру фактілеріне қатысты пікір білдіріп, мұндай жұмыстар нақты қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс екенін қатаң ескертті.