Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Медеу ауданын аралау барысында қаланың инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарын бақылап, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.
Әкімнің жұмыс сапары Шығыс айналма жолынан басталды. Мұнда автоматты суару жүйесінің күрделі жөндеу мәселесі көтерілді. Жасыл аймақтарды тиісті күтіммен қамтамасыз ету – әкім назарындағы басты бағыттардың бірі. Дархан Сатыбалды елде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Алматыны абаттандыру жұмыстары қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
«Көптеген коммерциялық нысандар – кафелер, мейрамханалар мен дүкендер – айналасын тазартуға немқұрайлы қарап, бар жауапкершілікті әкімдікке ысырады. Бірақ тазалық – ортақ іс. Барлығы атсалысуы керек», – деді қала басшысы.
Бұдан кейін әкім қалада халық саны артып келе жатқан Думан ықшамауданында болып, 500 адамды бір ауысымда қабылдай алатын жаңа отбасылық дәрігерлік амбулатория салу жоспары туралы айтты. Жаңа емхана ашылса, медициналық қызметтер барлық тұрғындарға қолжетімді болмақ.
Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. 2000 оқушыға арналған үш қабатты мектепте акт залы, жертөледе асхана, жеке автотұрақ пен спорт стадионы қарастырылған. Әкім мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын осы жылдың тамыз айына дейін аяқтап, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беруді тапсырды.
Сапар барысында әкім Кабылов көшесіндегі екі жылдан астам бос тұрған тоғыз ғимаратты қарап шықты. Бұл ауданда әлеуметтік нысандар тапшылығы сезілетінін атап өткен Дархан Сатыбалды бұл ғимараттарды коммуналдық меншікке өткізу және тұрғындар қажеттіліктеріне сәйкес қайта пайдалануды тапсырды.
Сапар «Алматы Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының базасында аяқталды. Қала көшелері мен жолдарының 361 шақырымын тазартатын мекемеде 157 арнайы техника бар. Әкім қызметтің жыл бойы атқарылу барысымен және таулы аймақтарда қолданылатын техниканың мүмкіндіктерімен танысты.
Дархан Сатыбалды жол тазалау жұмысын күшейтуді тапсырды. Тазалық талаптары орындалмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.