Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданының Саялы шағын ауданында салынып жатқан амбулатория құрылысымен танысты. Оны пайдалануға беруді жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берді деп хабарлайды Qazyr.kz
Дархан Сатыбалды медициналық мекеме мүмкіндігінше қысқа мерзімде іске қосылып, заманауи талаптарға сай болуы тиіс екенін атап өтті — құрылыс сапасы жағынан да, науқастар мен медицина қызметкерлеріне жасалатын жағдай жағынан да. Атап айтқанда, ол амбулаторияны диагностикалық жабдықтармен: маммограф, УДЗ аппараты және рентген құрылғысымен жабдықтау қажеттігін айтты.
Сондай-ақ әкім денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға жекеменшік сектор жеткізушілері мен жеке инвесторлардың үлесін арттыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, бәсекелестік пен заманауи тәсілдерді енгізу есебінен оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңа амбулаторияның ашылуы қарқынды дамып келе жатқан Алатау ауданының өзекті мәселелерінің бірі — алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін шешуге бағытталған. Бүгінде ауданда 327 мыңнан астам адам тұрады, бұл көрсеткіш тұрғын үй құрылысы мен табиғи өсімнің есебінен артып келеді. Медициналық инфрақұрылымның жетіспеушілігі әсіресе Саялы, Саялы-2 және Боралдай шағынауданының оңтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа тұрғын алаптарында қатты сезіледі.
Қазіргі таңда осы аймақтардың 15 мыңнан астам тұрғыны 5-10 шақырым қашықтықта орналасқан №22 және №29 қалалық емханаларға тіркелген. Бұл мекемелер қазірдің өзінде жобалық қуаттылығынан асып жұмыс істеуде.
Құрылысы 70%-ға аяқталған жаңа амбулатория бір ауысымда 200 адамды қабылдауға есептелген. Ғимаратта қасбеттік және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, инженерлік коммуникациялар тартылған, жабдықтарды сатып алу жүріп жатыр. Амбулаторияны іске қосу қолданыстағы емханалардағы жүктемені азайтып қана қоймай, шағын аудан тұрғындарына медициналық көмектің жаяу қашықтықта қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жоба аясында учаскелік дәрігерлер, педиатрлар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін мамандар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылған. Туу көрсеткішінің жоғары және халық құрылымының жас болуына байланысты аналар мен балалардың денсаулығын қорғауға басымдық берілмек.
Саялыдағы амбулатория құрылысы — Алатау ауданында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадам. Бұл — бастапқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту және аумақтық кедергілерді жоюға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Қазіргі уақытта ауданда бес мемлекеттік емхана жұмыс істейді: №14, 22, 23, 25 және 29. Сонымен қатар, ТМККК мен МӘМС аясында қызмет көрсететін төрт жеке медициналық ұйым бар. Бұған қоса, бір МСАК орталығы мен бес дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.
Сондай-ақ, аудан аумағында 147 орындық модульді стационарда орналасқан қалалық патологоанатомиялық бюро мен Балалар инфекциялық ауруханасының филиалы жұмыс істейді. Бұл мекеме Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарынан келетін балаларды өткір жұқпалы аурулар бойынша қабылдайды.
Саялыдағы амбулатория құрылысының барысы қала басшылығының тұрақты бақылауында.