Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Достық даңғылының Абая даңғылынан Әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігін кешенді абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Qazyr.kz.
Жобаның мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, заманауи және қауіпсіз қоғамдық кеңістік құру. Жоба аясында тротуарлар жаңартылып, сквер салынады, спорт алаңдары мен шағын сәулет нысандары орнатылады. Сондай-ақ аумақ көгалдандырылып, жаяу жүргіншілер аймағы кеңейтіледі және тұрақ орындары ретке келтіріледі.
Бұған дейін бұл учаскенің тротуарлары тар және бірсарынды болатын, жасыл желек күтімсіз қалса, автотұрақтар бейберекет орналасқан еді. Велоинфрақұрылым да мүлде болмаған. Мамандардың айтуынша, бұл аумақты қайта қарастырып, кешенді жаңғырту қажет болған.
Қазіргі уақытта жұмыстар 4,18 гектар аумақты қамтиды, абаттандырылатын бөліктің ұзындығы – 1,5 шақырым. Жобаны «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
Достық даңғылын аралау кезінде қала әкімі мердігерлерге жұмыс кестесін және жобалық талаптарды қатаң сақтау жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, Алматы көшелері заманауи, таза және қолайлы болуы тиіс.
Бұл жоба қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып, қауіпсіз және заманауи инфрақұрылымды қамтамасыз етуге бағытталған.