Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Алматылық студенттерге жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы түсіндірілді

Алматыдағы А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Жұмысшы мамандығы – менің таңдауым» атты танымдық кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастарға жұмысшы мамандықтарының қазіргі қоғамдағы рөлі, олардың артықшылықтары мен қаланың дамуына қосатын үлесі жайлы айту,- деп хабарлайды Qazyr.kz

Кездесу кітапхананың оқу залында өтті. Жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар қатысты. Оларды біріктіретін ортақ нәрсе – бәрі де жұмысшы мамандығының иелері. Атап айтқанда, кездесуге «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Түрксіб аудандық бөлімінің слесары Донесбай Аханаев, №9 троллейбустың жүргізушісі Макпал Қожамсейітова, №12 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғаныс сержанты Дәурен Шерікбай және Республикалық ғылыми кардиологиялық орталықтың санитаркасы Айнагүл Сисенова қатысты.

– Бүгінгі қонақтарымыз – су құбыры мен кәріз жүйелерінің қызметін қамтамасыз етіп, жолаушыларды қауіпсіз тасымалдап, өрт сөндіріп, төтенше жағдайлардың салдарын жойып, науқастарды күтіп-баптайтын жандар. Олар өз ісін сүйіп, балаларына да еңбексүйгіш болуды үйретіп келеді, – деді кітапхана меңгерушісі Айнұр Балаубаева.

Кездесу барысында сөз сөйлеген «Алматы Су» мекемесінің слесары Донесбай Аханаев жұмысшы мамандығына саналы түрде келгенін айтты.

– Бұл мамандықты өз еркіммен таңдадым. Басқа салада өзімді елестете алмаймын. Алматы сияқты ірі мегаполисте бұл мамандықтың маңызы зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені жұмысшы мамандықтарының беделі артып келеді. Әр мамандық – маңызды және қажет, – деді ол.

Шара аясында әнші Бейбітгүл Нұрымғожина мен Жұбаныш Жексенұлы дайындаған концерттік бағдарлама кештің шырайын аша түсті. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

 

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты

admin_qazyr

Үкімет сауда саласын цифрландыруда жаңа пилоттық жобаларды іске қосады

admin_qazyr

1 қыркүйек күні алматылық оқушылар мектепке бармайды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz