Қазақстандағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде күрделі проблемалар мен заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Мәжілістегі пленарлық отырыста Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Алихан Смайылов мәлімдеді.
Саладағы кемшіліктер ғылыми зерттеулерден бастап, өндіріске, нормативтік реттеуге және дәрі-дәрмектерді халыққа жеткізуге дейінгі барлық деңгейде кездеседі.
Аудит нәтижелері: қаржылық бұзушылықтар мен тиімсіз шығындар
741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
32 млрд теңгеге тиімсіз жұмсалған қаражат;
58 млрд теңге көлеміндегі шығын мен жіберілген пайда анықталды.
134 жағдай бойынша әкімшілік іс қозғалса, 5 іс құқық қорғау органдарына берілді.
2024 жылы еліміздің фармацевтикалық нарығының көлемі 1,2 трлн теңгені құрады, оның 84%-ын шетелдік өнімдер алып отыр. 2022–2024 жылдар аралығында медициналық ғылымға 58 млрд теңге бөлінгенімен, биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалардың реестрі әлі күнге дейін құрылмаған.
Соңғы он жылда небары екі отандық түпнұсқа дәрі тіркелген. Оның біреуі ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген, дегенмен оны жасауға 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Саладағы отандық компанияларға 148 млрд теңгеге преференциялар берілгенімен, олар өндіретін дәрілердің түрлері 968-ден 507-ге дейін азайған. Сонымен қатар, ұзақмерзімді келісім-шарттарға тек 34 компания ғана ие болған.
Мониторингтің әлсіздігі мен бақылаудың жоқтығы да алаңдаушылық тудырады. Мысалы, бір жекеменшік компания шетелден (Таиланд) сатып алынған 62 млн медициналық қолғапты отандық өнім ретінде тіркеп, 8 млрд теңгеге мемлекетке сатқан. Бұл импортты алмастыру саясатына қайшы келіп, мемлекеттік қаржыға зиян келтірген.
Баға саясаты мен дәрі-дәрмек бағасын реттеу тетіктері де тиімді жұмыс істемейді. Нарықта бағаның үстемесі 172%-ға, ал мемлекеттік сатып алуларда 35%-ға дейін жеткен. Дәрілерді сараптау мерзімі белгіленген 210 күннің орнына орта есеппен 334 күнге созылады, кейде 2,5 жылға дейін барады.Фармакобақылау жүйесі де әлсіз: соңғы үш жылда 8000-ға жуық жағымсыз әсер туралы хабарлама түскеніне қарамастан, тек бір ғана препарат нарықтан алынып тасталған.
2022–2024 жылдар аралығында бірыңғай дистрибьютор 207 препараттың жеткізілімін кешіктіріп, 164 дәріні мүлде сатып алмаған. Препараттар ай сайын емес, тоқсан сайын жеткізіліп, бұл дәрі тапшылығына және азаматтардың өз қаражаттарына дәрі сатып алуға мәжбүр болуына себеп болды.
Логистикалық шығындар да 60%-ға артып, 2024 жылы 11 млрд теңгені құрады.
Аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде 67 мыңнан астам мерзімі өтіп бара жатқан препараттың таратылғаны, артық мөлшерде немесе емдеу хаттамаларына сай келмейтін дәрілердің тағайындалғаны анықталды. 15 ең қымбат дәрінің бағасы мемлекеттік және бөлшек нарықта 600%-ға дейін айырмашылық көрсеткен.