27-31 мамыр аралығында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі және қыс мезгілінде қашықтықтан оқу форматы жүргізілген оқушылар үшін «Жазғы мектеп» басталады, деп хабарлайды QAZYR.KZ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Негізгі мақсат – оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыу.
«Су тасқыны орын алған өңірлердегі 2 622 мектептің оқушылары үшін «Жазғы мектеп» аясында өз уақыттарын пайдалы өткізу мүмкіндігі берілуде. Оқыту икемді кесте бойынша қызықты форматта ұйымдастырылады. Жазғы мектеп су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын, сондай-ақ қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты қашықтықтан оқытудан өткен 832 мың оқушыны қамтиды деп жоспарлануда. Оқуға балалардың қызығушылығын тудыру мақсатында мұғалімдер баға қоймайды және үйге тапсырма бермейді», — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Айта кету керек, «Жазғы мектепке» балалар өз еркімен және ата-аналарының келісімі бойынша қабылданады.