Qazyr.kz порталы
ӘлемҚазірСаясатэкономика

Қазақстан мен Германия стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруде

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Президенті Анке Релингер Астанада кездесу өткізіп, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады деп хабарлайды Qazyr.kz

Германия басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында өткен кездесуде сауда, энергетика, өнеркәсіп кооперациясы және инновациялық технологиялар салаларындағы байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылды.

Тараптар мемлекет басшылары деңгейінде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асыру жолдарын саралап, екіжақты сауданы арттыру мәселелерін көтерді. Германия – Қазақстанның Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктестерінің бірі. Бүгінде ГФР мен Орталық Азия арасындағы жалпы сауда көлемінің 81%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен $4 млрд-қа жетіп, 5,9%-ға артты. Қазақстандық экспорт 56,8%-ға өсіп, $1,2 млрд-ты құрады.

Кездесу барысында инвестициялық әріптестікке ерекше көңіл бөлінді. 2005 жылдан бері Қазақстанға $7,2 млрд көлемінде тікелей неміс инвестициясы тартылған. Бұл қаржының 90%-дан астамы шикізаттық емес секторларға – өңдеу өнеркәсібі, химия, құрылыс материалдары өндірісі, көлік және агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған. Қазіргі таңда екі елдің бірлескен инвестициялық портфелінде жалпы сомасы $54,4 млрд болатын 65 жоба бар. Сонымен қатар, неміс капиталы қатысқан 1100-ге жуық кәсіпорын елімізде жұмыс істейді, ал құны $1,1 млрд-тан асатын 32 жоба сәтті жүзеге асырылды.

Энергетика саласы да екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде аталды. Қазақстан Германияға мұнай жеткізу бойынша үшінші орында тұр. Өткен жылы ГФР 10,6 млн тонна қазақстандық мұнай импорттаған. Тараптар мұнай жеткізу көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.

Сондай-ақ, сутегі және «жасыл» энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру, минералдық ресурстарды бірлесе игеру, арнайы экономикалық аймақтарда заманауи өнеркәсіптік кластерлер құру және технологиялық кооперацияны нығайту мәселелері сөз болды.

Кездесу нәтижесі екі елдің ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестігін нығайтып, жаңа экономикалық бастамаларға жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы UEFA президенті Александер Чеферинді қабылдады

admin_qazyr

Антон Лапенко мен Maul Comic Con Astana фестивалінде жанкүйерлерімен кездесу өткізді

redaktor_qazyr

Қабылсайда жүк көлігі бағанаға соқтығысып, аударылып кетті

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz