Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар Парсы шығанағында Қазақстанның жүк терминалын ашу жобасы туралы айтты, деп хабарлайды Qazyr.kz «Қазақпарат» агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазіргі жағдайда ирандық жеке компанияның қатысуымен өзіңіз айтып отырған жер телімін Қазақстан тарабымен бірлесіп игеру жобасы пысықталып жатыр. Яғни, бастапқы келісімдер бар. Биыл жүзеге асуы мүмкін. Бұл жоспар жүзеге асса, Қазақстанға барлық жағынан тиімді болар еді. Бендер-Аббастағы өкілдігі арқылы Иранның оңтүстігіндегі порттарға қол жеткізеді. Сол арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне, Африка елдерінің, Үндістан мен Парсы шығанағындағы елдердің нарығына шыға алады. Бұл Қазақстан үшін теңіз жолдарына еркін шығатын бірден бір жол болады», — дейді Али Акбар Джоукар.
«Біздің қолымызда Бендер-Аббас портында 25 га контейнерлік алаң бар. Сондай-ақ біз порттағы қазақстандық терминал үшін ыңғайлы жерде тағы 30 га бөлуге және оның құрылысына өз инвестицияларымызды салуға дайынбыз. Біз Каспиан портына жүктерді тікелей жеткізуді ұйымдастыра аламыз», — деді Иранның Golden Line кеме қатынасы компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Әли Акбар Эхсани.