Qazyr.kz порталы
Ауыл шаруашылығыҚазірэкономика

Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді: онлайн мен офлайн форматтағы науқанның ерекшеліктері

2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев хабарлады.

Бұл ауқымды статистикалық шара аграрлық сектордың қазіргі жағдайы, құрылымы мен ресурстары туралы нақты және өзекті деректерді жинауға бағытталған.

«Жиналған ақпарат мемлекеттік агросаясатты тиімді жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Санақ жануар шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтарын, сондай-ақ үй шаруашылықтарын қамтиды. Атап айтқанда, бақша, үй жануарлары мен құстарды жеке қажеттілікке ұстаушылар да есепке алынады.

Негізгі кезеңге дайындық ретінде 1–30 маусым аралығында елдегі 70 қалада листинг – яғни, үй шаруашылықтарын алдын ала анықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңде сұхбат алушылар жергілікті тұрғындардың ауыл шаруашылығымен айналысатынын нақтылайды.

Онлайн кезең: sanaq.gov.kz порталы іске қосылды

Санақтың бірінші кезеңі 1–31 тамыз аралығында онлайн форматта өтеді. sanaq.gov.kz сайтында респонденттер өз мәліметтерін ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы тіркеліп, сауалнаманы өздері толтыра алады.

«Сауалнамада мемлекеттік дерекқорлардан алынған мәліметтер көрсетіледі. Қатысушы оларды өзектендіре алады. Толтыруды тоқтатып, кейін жалғастыруға да мүмкіндік бар», – деді Тұрлыбаев.

Онлайн қатысу үшін акиматтар мен статистика бөлімдерінде арнайы өздігінен қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылады.

Екінші кезең: сұхбат алушылармен жеке байланыс

Санақтың екінші кезеңі – 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл уақытта сұхбат алушылар (интервьюерлер) үй-үйді аралап, онлайн өтпеген респонденттерді қамтиды.

Егер сауалнаманы толтыру кезінде қиындықтар туындаса, Sanaq-Myrza атты жасанды интеллектке негізделген виртуалды көмекші, сондай-ақ 1446 байланыс орталығы қызмет көрсетеді.

Санақтың алғашқы нәтижелері 2025 жылдың желтоқсанында, ал толық аналитикалық есептер 2026 жылы жарияланады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдарда салынып жатыр

admin_qazyr

Тоқаев 17 маусым күні Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді

admin_qazyr

Түркістандықтарды шет мемлекеттерге жұмысқа орналастыратын орталық ашылды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz