Қазақстанда 2025 жылдың маусым айынан бастап бес банктің клиенттері телефон нөмірі арқылы бір банктен екінші банкке қаражат аудара алады. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасының кеңесшісі әрі цифрлық трансформация жетекшісі Бинур Жалелов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazyr.kz
Жалеловтың айтуынша, қазіргі таңда банктер жүйеге кезең-кезеңімен қосылуда. «Бүгінгі таңда Ұлттық төлем корпорациясы тоғыз банкпен келісімшарт жасасты. Маусым айында алғашқы бес банк – Halyk, Freedom, RBK, Altyn және Home Credit – өз клиенттеріне бұл қызметті қолжетімді етпек», – деді ол.
Сонымен қатар, брифинг барысында Бинур Жаленов 2024 жылдың 22 шілдесінде іске қосылған антифрод-орталықтың алғашқы нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, алаяқтыққа қарсы платформаның жұмысына бүгінде шамамен 150 ұйым қосылған, оның ішінде барлық банктер, микрокаржылық және төлем ұйымдары бар. Телекоммуникациялық операторлар да бұл жүйеге қосылуда.
«Қазіргі таңда алаяқтықтың шамамен 58 мың оқиғасы, жалпы сомасы 2,2 млрд теңге болатын инциденттер алдын алынды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де үлкен жұмыс күтіп тұр. Алаяқтықпен күресте Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, құқық қорғау органдары мен үкімет арасындағы үйлестірілген әрекет маңызды», – деді Бинур Жаленов.
Бұған қоса, Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін бірыңғай QR-код жүйесі толық іске қосылуы мүмкін. 2024 жылғы қарашада XII Қаржыгерлер конгресі кезінде алғашқы межбанктік QR-төлем сәтті жүзеге асырылған болатын. Бұл пилоттық жоба Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясының бастамасымен іске қосылған. Алғашқы болып бұл жүйеге Freedom Bank Kazakhstan және Bank RBK қосылған еді.