Qazyr.kz порталы
БілімҚазірҚоғам

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған алғашқы AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды

Қазақстанда мемлекеттік басқаруда цифрландыру мен жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу бағытында маңызды қадам жасалды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Цифрлық даму агенттігі  Орталық Еуразияда алғаш рет мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект бойынша AI Qyzmet атты білім беру бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.

Бағдарлама мемлекеттік қызметкерлердің ЖИ құралдарын тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған. AI Qyzmet мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект туралы теориялық білім беріп қана қоймай, оны күнделікті жұмыс барысында қолдануды да үйретеді. Атап айтқанда, бағдарлама аясында жоспарлау, деректерді өңдеу, презентациялар жасау, ұсақ процестерді автоматтандыру және шешім қабылдауды қолдау сияқты маңызды дағдылар қамтылады.

Министр Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұл бастама — Қазақстанда цифрлық мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

«AI Qyzmet — цифрлық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды бастама. Біз мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жасанды интеллектіні тиімді пайдалануын қамтамасыз етуді мақсат тұтамыз. Бұл мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, шешім қабылдау үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Оқыту Мемлекеттік басқару академиясы және оның филиалдарында офлайн форматта өтеді. Бағдарламаның ерекшелігі — 5 минуттық қысқаша видеодәрістерден тұрады. Бұл мемлекеттік қызметкерлерге жұмыстан қол үзбей, ыңғайлы уақытта білім алуға мүмкіндік береді. Курсты аяқтаған соң тыңдаушыларға бірегей нөмірі бар сертификат табысталады.

Бағдарлама жыл сайын шамамен 30 000 мемлекеттік қызметшіні қамтуды көздейді. Курстан кез келген уақытта өтуге, Astana Hub платформасы арқылы тіркелуге болады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Марфуға Айтқожина- Әкеме хат

redaktor_qazyr

Қазақстанда алтын құймаларына сұраныс күрт артты

redaktor_qazyr

Зеленский: Ресеймен келіссөздер тек мықты позициямен жүргізілуі керек

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz