Qazyr.kz порталы
ҚазірҚоғамэкономика

Қазақстанда цифрлық бизнес картасын жетілдіру ұсынылуда

Қазақстанда отандық өндірісті қолдау мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында цифрлық бизнес картасын  жетілдіру мәселесі күн тәртібіне қойылды деп хабарлайды Qazyr kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл бастама бизнеске қолжетімді мемлекеттік қолдау тетіктерін оңайлатуға және бизнес-процестерді автоматтандыруға бағытталған.

Цифрлық бизнес картасы – бұл еліміздегі кәсіпорындар жайлы мәліметтерді жинақтайтын ақпараттық-талдамалық платформа. Ол түрлі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың деректерін біріктіріп, кәсіпкерлерге нақты әрі өзекті ақпарат ұсынады. Аталған жүйе арқылы бизнестің даму деңгейі, салық төлемдері, жалақы көлемі сынды көрсеткіштерді бақылауға болады.

2025 жылғы 3 маусымда өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осы жүйені жетілдіру мәселесін көтеріп, отандық өндірісті ынталандыру үшін қосымша шаралар қажет екенін атап өтті. Ол Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Раимбек Баталовқа: «Отандық өндірісті ынталандыру үшін қандай қосымша бірлескен бастамалар қажет?» деген сұрақ қойды.

Раимбек Баталов өз жауабында қазіргі қабылданған шаралардың, әсіресе ұлттық режимнен алып тастау сияқты қадамдардың өңдеу өнеркәсібіне оң әсер еткенін айтып, бизнес қауымдастығы атынан алғысын білдірді. Алайда, ол қазіргі кезде әрбір мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік компанияның мысалы, «Самұрық-Энерго», QazaqGaz өз ақпараттық жүйелерімен жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл жағдай кәсіпкерлер үшін біршама қиындық тудыратының айтты.

Осыған байланысты Баталов  цифрлық бизнес картасын   жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Оның пікірінше, барлық ақпараттық жүйелерді бірыңғай модульге – «Матрица» деп аталатын жүйеге біріктіру қажет. Бұл модуль, мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың gmk.eoz сатып алу платформасы үлгісінде құрылуы мүмкін. Бұл тәсіл қолдау шараларының нақты нәтижесін көрсетуге, сондай-ақ бизнестің даму динамикасын, бәсекеге қабілеттілігін бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Премьер-министр Бектенов отандық тауар өндірушілердің реестріне кіру жүйесін де жетілдіру керектігін атап өтті. Ол бұл бағыттағы жұмысты бірлесе отырып жүргізуді тапсырды.

Қорытындылай келе, цифрлық бизнес картасын жетілдіру – Қазақстанда кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдаудың маңызды тетігі. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі бизнестің тиімділігін арттырып, мемлекеттік қолдау шараларының нақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық тұрақтылығына және отандық өндірістің жаңа деңгейге көтерілуіне серпін береді.

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

redaktor_qazyr

Жусан қатерлі ісікті 16 сағатта жоқ қылады

redaktor_qazyr

«Паспорттан шатасқан» Таразда ағасын інісінің орнына соттап жіберген

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz