Қазақстан Республикасы Үкіметі көлік саласын дамытудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл жоспар көлік саладағы жүйелі реформалар мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Жоспар көлік инфрақұрылымын жаңғырту, транзиттік әлеуетті арттыру, логистикалық хабтарды дамыту және жол қауіпсіздігін күшейту сынды негізгі бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы халықаралық көлік дәліздеріндегі позициясын нығайту көзделіп отыр.
Теміржол саласын жаңғырту бойынша жаңа теміржол бағыттарын ашу, жылжымалы құрам паркін жаңарту және жүк тасымалының тиімділігін арттыру қарастырылған.
Теміржол саласында 2025 жылғы желтоқсанға дейін «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолдар және Алматы стансасының айналма теміржол желісі құрылысын аяқтау жоспарланған.
Теңіз көлігі саласында контейнерлерді өңдеу қуатын жылына 240 мың ЖФЭ (жиырма футтық контейнер) деңгейіне дейін жеткізу көзделген. Бұл мақсатта осы жылдың желтоқсанында жаңа терминал іске қосылады. Жоба Транскаспий халықаралық көлік бағдарының транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Автомобиль көлігі саласы бойынша Қазақстанның Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы 5 автомобильдік кедендік бекетті: Темір баба, Қазығұрт, Тәжен, Майқапшағай және Бақты жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар көлік құралдары мен жүктердің еліміздің аумағына кірген сәтінен бастап, бағыт бойындағы қозғалысы мен шығуына дейінгі аралықты бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнабақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде.
Логистикалық инфрақұрылымды дамыту дамыту бойынша ел аумағында бірқатар жаңа логистикалық орталықтар салынып, қолданыстағы нысандар цифрландыру арқылы жаңартылады.
Электр көліктерін қолдау және тиісті инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріледі.
Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында автоматтандырылған бақылау жүйелері кеңейтіліп, жол белгілері мен инфрақұрылым стандарттары жаңартылады.
Үкімет жоспарын жүзеге асыру арқылы көлік саласындағы кедергілер азайып, еліміздің көлік жүйесінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты дамытуға және өңірлік интеграцияны тереңдетуге ықпал етеді.