Көңілге жыр
Жалғызсырап қаламын кейде неге?!
Сүйретіліп қайтады үйге дене.
Күйбең тірлік жұлқылап жағаны алып,
Қу тіршілік зұлымдай күйге ене ме?!
Тұшым болсын көңілім жырға шағын,
Жымыңдаған жұлдызбен сырласамын.
Айға қарап көкжалдай ұлимын да,
Көкіректің дауылын бір басамын.
Бастан сипап жұбатар түнгі самал,
Қорғай алсын өмірде кімді қамал?!
Кешіккенін мойындап жаспен жуды,
Әжімдермен күрескен гүлді жамал.
Айналама жүйекені түрткен толып,
Сыбырладым тамшыны сүрткен болып.
Адал ғұмыр кешуге ұмтылатын,
Жүрген жоқ қой байқасаң жұрт кем болып.
Жалғызсырап қаламын кейде неге?!
Сүйретіліп қайтады үйге дене.
Күйбең тірлік жұлқылап жағаны алып,
Қу тіршілік зұлымдай күйге ене ме?!
07.08.2023
Біржан Досжан