Qazyr.kz порталы
АймақЖаңалықтарҚоғамэкономика

«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 28 жоба пайдалануға берілді, 40-тан астам жоба іске асырылуда

Жетісу облысының Қытаймен шекаралас аумағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл туралы жуырда Панфилов ауданында ұйымдастырылған пресс-тур барысында белгілі болды.

Журналистер «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы инвестициялық жобалармен танысты. Оның аумағында күн панельдерін, болат бұйымдарын, тоқыма өнімдерін, құрама жем, подгузник, кофе және тағы басқаларын шығару өндірісі жолға қойылғалы бірнеше жыл болған.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да Сингапур брендімен танымал «MacCoffee» 3х1 шай және кофе шығаратын «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС компаниясы 6 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаны іске асыруда. Дайын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, содан кейін бірқатар таяу шетелдерге экспортталады.

Ал «Майами Solar» ЖШС компаниясы күн батареяларын өндіруге 1,260 млрд теңге инвестиция салды. Зауытта 67 адам жұмыспен қамтылған. Күн панельдерін шығаруда еуропалық ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылады. Жобаның қуаттылығы жылына 100 Мвт күн панелін өндіруге жетеді. Барлық өнім АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдерге экспортталады. Алғашқы дайын тауар легі наурыз айында АҚШ-қа жөнелтілді.

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан нысанның бірі – жылдық қуаты 60 мың тоннадан асатын «SSA Feed Mills» ЖШС құрама жем зауыты. Бір айда мұнда жүгеріден, бидайдан, бидай кебегінен, арпадан, соядан және т. б. 20-дан астам шикізат түрінен 250 тоннадан астам сапалы өнім шығарылады.

«Standard Steel KZ» ЖШС металл плиткаларын, гофрленген тақтайшалар мен металлосайдинг шығарады. Жобаның құны — 37 млрд теңге. Толық қуатына шыққанда зауыт тәулігіне 10 тонна металл бұйымдарын өндіреді деп жоспарланып отыр.

Баспасөз турының соңында тілшілер қауымы Қазақстан-Қытай шекарасындағы Алтынкөл теміржол станциясына барды. Бұл теміржол магистралі – еліміздің көлік саласының халықаралық маңызы бар орасан зор жобасы, әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші теміржол өткелі. Станция тасымалдау көлемін ұлғайта отырып, Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне мыңдаған контейнерлер жібереді.

Атап өтсек, бүгінгі таңда «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 70 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды, жаңа өндірістер іске қосылғаннан кейін олардың саны 5000-нан асады деп күтілуде. Өндірілген өнім көлемі 81,6 млрд теңгені, ал түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық түсімдері 9 млрд теңгеден асты.

Жетісу облысының баспасөз қызметі

Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий Ерофеев

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен 16 жасар 2 баланы полиция аман-есен тапты

redaktor_qazyr

Ақтөбеде өзінің ішкі ағзаларын 9 миллионға сатпақшы болған ер адам ұсталды  

redaktor_qazyr

Биыл еліміздің өзен, көлдері цифрландырылып, ақпараттық база жасақталады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz