Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Көздеріңе ғашықпын

Сенiң мынау тұп-тұнық көздерiңде:
Мөп-мөлдiр бұлақтар бар,
Сусынымды мен содан қандырамын,
Маздаған шырақтар бар,
Оттарымды мен содан жандырамын.

Сенiң мынау қап-қара көздерiңде:
Арыңның ақтығы бар,
Жаныңның пəктiгi бар.
Мен сенiң көздерiңе құмартамын
Баладай тəттi құмар.

Сенiң мынау жайнаған көздерiңде:
Жүрмеген жолдарың бар,
Жаның бар, арманың бар,
Пейiлiңнiң кеңдiгi бар
Асатын аспанның да аумағынан.

Сенiң мынау айнадай көздерiңде
Жан сырыңның ашулы сандығы бар,
Жүрегiңнiң үкiмi, жарлығы бар.
Сенiң көзiң ерiтер мұз-қарымды,
Сенiң көзiң жұмсартар ызғарымды.
Жанарыңның отына жүз өртенiп
Мына мен жүз қарылдым.

Мен сенiң көздерiңнен көп тыңдаймын
Кеудеңдегi күйлерiн домбыраңның.
Дауыл үнiн, көк нөсер жаңбыр əнiн,
Арманыңның арнадан қарғығанын.

Мен сенiң көздерiңнен от көрем де,
Оқыстан найзағайым оянады:
Жолдарды жолға ұрамын,
Таңдарды таңға ұрамын,
Өкiндiрiп бiр сəтке қалғығаным,
Сiлкiнемiн, жайнаймын, жаңғырамын.

Қанша үңiлдiм көзiңе – айта алмаймын,
Бу боп ұшты, əйтеуiр, шалқар қайғым.
Қуаныштан шалқыдым, тасып-толдым
Өзiңе де, көзiңе де
Мен солай ғашық болдым!..

Ұқсас жаңалықтар

Міржақып Дулатов — Таршылық халіміз хақында аз мүнәжат

redaktor_qazyr

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Қалқаман Сарин

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz