Қала, рас, өнер-білім қайнаған жер,
Тұтқын ғып надандықты байлаған жер,
Егілген ескіде өнер ағашының
Жемісі, қызыл гүлі жайнаған жер.
Білемін, білсем-дағы көне алмаймын,
Қалаға шын көңілім бере алмаймын.
Қаншама өзімді өзім зорласам да,
Тән рақат, жаным шат боп жүре алмаймын.
Себебі, жыбырлаған жанын көрсем,
Бір еркін демалдырмас шаңын көрсем,
Әсіресе, өз еркіңмен жүргізбейтін
Құрылған қолайсыз тар заңын көрсем
Түседі сол мезгілде ойға дала,
Жүгірген жалаңаяқ шақта бала,
Шалқар көл, қалың орман, ну тоғайлар,
Жайнаған түрлі гүлмен кең-кең сала.
У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал,
Есетін солтүстіктен салқын самал.
Апырм-ай, қандай жауыз тағдыр деген
Бұйырған: «Тұтқын болып жат та қамал!»
Кең дала мұндағыдай емес тығыз,
Сапырып күнде ішетін сары қымыз.
Назбенен жылы жүзді, жұмсақ сөзді,
Ақ үйде әзілдескен әдемі қыз…
Білмеймін, дала естен шығар ма екен,
Даласыз көңіл шіркін тынар ма екен?!
Ежелден еркін заңға әдет қылған,
Tap заңды қала жанға ұнар ма екен?