Qazyr.kz порталы
ҚазірҚоғамэкономика

Мәжіліс депутаттары қаржы қылмыстарына қарсы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

2025 жылғы 28 мамырда Мәжілістің жалпы отырысында қаржы қылмыстары мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, заң жобасы 2022–2026 жылдарға арналған қаржылық мониторингті дамыту тұжырымдамасына және заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленген.

– Қаржылық қылмыстар – экономикалық тұрақтылықтың негізіне қауіп төндіреді. Қылмыстық жолмен табылған табыстарды заңдастыру үшін алаяқтар күн санап күрделене түскен схемаларды қолдануда. Бұл өз кезегінде заңнаманы үнемі жаңартып отыруды қажет етеді, – деді Елемесов.

Заң жобасында қаржылық мониторинг органдарының өкілеттіктерін күшейту көзделген. Атап айтқанда, агенттікке коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларын талдау мен қадағалау міндеті жүктеледі. Бұл қаржы қылмыстарының алдын алуға және оларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, заң жобасы бойынша ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қаржылық мониторинг субъектілерінің қатарына енгізіледі. Ұялы байланыс операторлары мобильді балансты толықтыру туралы ақпарат беретін болса, «Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікпен 50 млн теңгеден асатын мәмілелер туралы мәліметті жеткізіп отырады.

Жоба сондай-ақ қаржылық мониторинг субъектілеріне күдікті қызмет бойынша мәліметтерді міндетті түрде жіберу талабын енгізеді. Бұл ретте клиенттің ақша және басқа да мүлікпен жасалған операцияларының жиынтығы негізінде күдікті әрекет белгілері анықталады. Мысалы, белгісіз көзден жиі шағын ақша аударымдарын жүзеге асыру.

Сонымен бірге, қаржылық қауіпсіздікті күшейту мақсатында тәуекелдерді бағалау жүйесі екі деңгейге бөлінеді: ұлттық деңгейдегі бағалауды агенттік жүргізеді, ал салалық бағалауды үш жылда бір рет мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

Тағы бір маңызды өзгеріс – кейбір операциялар бойынша қаржылық бақылау шегінің төмендеуі. Атап айтқанда, мәдени құндылықтарды қолма-қол сатып алу немесе сату, сондай-ақ оларды Қазақстанға кіргізу немесе шығару бойынша операциялардың шегі 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендейді. Ал 5 млн теңгеден асатын цифрлық активтермен операциялар да қаржылық мониторингке жататын болады.

Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, клиенттің әрекеттері бірқатар критерийлерге сәйкес келсе, бұл күдікті қызмет ретінде бағалануы мүмкін.

Заң жобасы еліміздің қаржылық қауіпсіздігін нығайтып, қаржы ағынын тиімді бақылауға мүмкіндік беретін жаңа құралдарды енгізуді көздейді.

Ұқсас жаңалықтар

Катонқарағай мен Зайсан әуежайлары қай жерде салынатыны белгілі болды

redaktor_qazyr

«Сырадан шыққан жанжал»Талғарда дүкеншінің баласына пышақ сұғып,мерт қылды

redaktor_qazyr

Шымкентте ер адамды пойыз басып кетті

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz