Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады деп хабарлайды Qazyr.kz
Кездесу барысында Мемлекет басшысына биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы сомасы 20 триллион теңгені қамтыған 12 мемлекеттік аудиттің қорытындысы баяндалды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,1 есеге көп.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аудит ел экономикасы үшін маңызды саналатын орта білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, цифрлық даму, электр энергетикасы және жоғары жетістіктер спорты сияқты салаларды қамтыған.
Аудит нәтижесі бойынша Үкімет пен тиісті мекемелерге 60-тан астам ұсыным мен 450 тармақтан тұратын ұйғарым берілді. Сонымен қатар, 20 заңбұзушылық фактісі анықталып, іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.
Кездесуде Жоғары аудиторлық палатаның жаңа заңнамалық бастамалары да таныстырылды. Енді палата бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болып отыр. Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша Ұлттық қор қаражатын бақылау жөніндегі комиссия жұмысы қайта ұйымдастырылды. Бұл қадам қор қаражатын тиімді пайдаланып, ашықтықты қамтамасыз етуге жол ашады.
Сонымен бірге жылыту маусымына дайындыққа салғырт қараған кәсіпорындардың және олардың басшыларының жауапкершілігін арттыру, тауарлы газдың бөлшек бағасына мемлекеттік бақылауды кеңейту сияқты бастамалар қолға алынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру қажеттігін атап өтті. Президент аудиттің тиімділігі мен ашықтығына баса назар аударып, мемлекет қаржысын бақылауда заманауи цифрлық технологияларды қолдану маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ұлттық ресурстардан түсетін пайданы арттырып, артық шығындарды азайтуды тапсырды.