Мәдениет

Мұңсыз Чебуро

« Мұңсыз Чебуро »

— « Ә, Чебуро сенбісің? Бүгін сені ұзағынан күтіп ем..сірә, келмейсің-ау деп тұспалдағанмын. Алайда, ит екеш, сен де иеңе оралуды біледі екенсің. Жарадың, Чебеке ! Бүгіннен бастап сен менің ең жақын досым боласың.. Келісесің бе?.. Өй, неге үндемейсің? Тым құрығанда өз тіліңде үріп қойсаңшы. Сөзім өтпеді ме? Жә, жарар, шаршаған шығарсың.. Одан да кел, мұнда жайғас. Екеумізге де орын бұйырып тұр бүгін », — деді де айналасына тіміскі көзбен жортып болғасын, жанын меңзеді. Құйрықтарын қыпылықтатып досы да ыңғайлана түсті. Сөйтті де, шаң басқан басын — жүдеу тартқан шалдың тізесіне қойып, ентіккен тілін шығара үздіксіз дыбыстап демала бастады.

Ымырт түссе де, саябақ ішінде адам легі сейілер емес. Сәл уақты үнсіздікте өткізіп, бұ шал тағы да әңгімесіне басты.

— «Осы сен білесің бе, Чебуро? Екеуміздің тағдырымыз қалайша бір арнаға тоғысып отыр? Сен итсің, яғни адамға тәуелді хайуан тектес жаратылыссың.. Ал мен.. Мен — адаммын ғой.. Мен — сендерге иелік етуім тиіс. Солай емес пе? Бірақ, тағдырдың қалауымен екеуміз де далада қалдық. Ашығын айтқанда, тура осы арада жан тәсілім етсек те, бізді іздеп абыр-сабыр болатын жан табыла қоймас. Бұл емес.. Тек, жанымды күйзелтетіні — сен өлсең, тәніңді жалаңаш қалдырмай жерлеуге әзір — мен бармын. Ал мен өлсем ше? Сен ғаріптің бірнеше рет ұлығаннан басқа қолыңнан не келер ед? Сені әлсіз екен деп, адам секілді жерлеуге икемі жоқ екен деп мал секілді өле қалуым керек пе? Неге үнсізсің? Бар кінә сенде, білдің бе! Сендер — үйде де, түзде де өмір сүрудің қиын емес екенін адамдарға дәлелдеп біттіңдер. Сол себепті, мына сендердің кесірлеріңнен мына мені, дымға қажетсіз шалды туған ұлым үйінен сықырлаған суығына қарамастан сыртқа қуып отыр…» — деп күмілжіген күйі өрелі әңгімесін тыйып тастады..

Саябақ аумағында кеудесінде жаны бар — екеуі-ақ секілді.. Әйтеуір, меңіреу тыныштық.. Ұзақ үзілістен кейін біздің шал тағы да үн қосты.

— Чебуро? Сен маған ренжімедің бе? Білесің ғой, мен жаман емеспін.. Тек бейуақытта ашуымды кімнен аларымды түсіне алмай дал болам. Жалғыз досым, саған-ақ тіл тигізе бердім-ау. Сенің бір жақсы жерің — адам емессің. Мына сен бейбақтың орнында адам болса, мен байғұсты әлдеқашан атып тастар ед..« Жоқ » дегенде сөзімен шаншып, ара-қатынасымызды бұзуы әбден мүмкін. Сондықтан, саған айтар әңгімемнен қысылар емеспін. «Әй» деп ақыл қоспасаң да, үндемей отырып, тиянақты түрде әңгімемді тыңдауға келгенде қатырасың. Пфф.. Күн де суытып барад. Оның үстіне, бүгіндікке нәпақа да таба қоймадық. Тым болмаса, иттермен тайталасып бір тапқаның бар болса жасырмай берші, өтінем.. Нәр татпағалы екі күннің жүзі болды.

Тағы да жым-жырт.. Кенет, жайшылықта жүрген шалды да жын азғырады-ау, ойына не бір жиіркенішті дүниелер келе бастағандай.. жанына байыз тауып, өз-өзімен мызғып жатқан Чебуроны шап беріп, қолтықтап алды..

— «Сен бәлені қазір-ақ өлтіріп тынам. Етіңнен дәм татып, бір тоқтыққа масайсам-ай! Аз дегенде екі күндік азығым бар. Иә, дәл солай. Менің әлгі… ой, жын қаққан.. Менің әлгі пышағым қайда? Мына қалтамда ма, әлде.. Әп, бәрекелді ! Таптым.. Ей, хайуан. Өлер шағыңда қазақша сөйлеп кетсең де тірі жібермеспін. Әуелден бері сенімен әңгіме айтып, талқыға салысып жатқан — мен де ақымақ.. Тұра тұршы..Оу, жүрегім-ай… », — деген күйі жүрек тұсын ұстап, есінен тана кетті. Әлденеден сезіктенгендей, Чебуромыз да алды-артына қарамастан ізім-қайым.. Дегбір табиғат-ай! Шынайылықта достықпен оңаша қалған бұ пендені де азғырды-ау.. Бұ саябақ — тағы да үнсіз қалды..

Қайда жүргені белгісіз, біздің шал — өзге әлемге енген секілді..Әппақ төсеніш бойымен даңғыл жолды өткеріп келед. Кенет, алдынан шыққан қос бірдей ару — сұлулығымен тамсантып қана қоймай, өздерімен ертіп келетін көрінеді. Жиілетіп жүздерін де көрсетіп қояр емес. Дәл сол уақытта қос арудың екеуі де шалға жабыса кетіп, әлсіз ерін мен бет аумағына сілекей жапсыра бастады. Түсініксіз әлдебіреу — дыбыстап тілімен демалып жатқандай. Көзін ашса — қиялдағы аруы емес, өз қолымен өлтірмек болған Чебуросы. О жануар — жаны қиналып, досының есін жиғызуда әбіргерге түсіп әлек. Ал жанында — ауыздықтап әкелген бір үзім наны бар..

Міне, достық әуселесіндегі ит пен адамның айырмасы !

© Сағым Матқали

Ұқсас жаңалықтар

Фариза Оңғарсынова- сағынбайсың ба?

redaktor_qazyr

Дін мен ұлтшылдық сияқты нәрселер теріс мақсатта қолдануға өте қолайлы

redaktor_qazyr

Айттым сәлем

redaktor_qazyr

Пікір жазу