Назарбаев дәуірі қостілділікті саяси құрал ретінде ұстады. Бір жағынан – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді, екінші жағынан – орыс тілінің «ресми» мәртебесі сақталды. Бір тіл – тек протоколға, екіншісі – нақты шешім қабылдауға арналды. Және де бұл тепе-теңдік емес, тепе-теңсіздік тудырғаны жасырын емес.
Бүгінде сол дәуір тарих қойнауына кетті. Бірақ оның соңынан қалған мұра – қостілділік те біздің қоғамдық өмірде күмілжіген бейнесін әлі де сақтап тұр. Ал бұл, шын мәнінде, отарлық инерцияның соңғы серпіні. Қазақ халқының саны – ресми статистика бойынша 71 пайыздан асты.
Бүгінде қазақ тілі Қазақстандағы басты коммуникация тіліне айналып келеді. Алматының көшесінде, Шымкенттің базарында, Астананың кеңсесінде, ауылдың шайханасында – бәрі қазақша сөйлейді. Яғни, демографиялық және мәдени реалия тілді де, сана да өзгерткен. Бірақ заң, саясат пен жүйе әлі де инерциямен өмір сүруде.
Мұның дәлелі – күні кеше Magnum желісінде болған жанжал. Курьер мен тұтынушы арасындағы қақтығыс, шын мәнінде, тұтынушылық дау емес, идеологиялық шиеленіс еді. Алғашында халық қазақ тіліне құрметпен қарауды талап еткен бұқара халыққа «екінші тарап» бұрынғы жүйенің шала тілімен жауап қатты. Бұл – бір адамның әрекеті емес, бұл – қостілділік саясатының логикалық соңы. Қазақ тілінде сөйлегені үшін қысым көру – ұлттық тілге жасалған қиянат.
Елімізде қостілділікке нүкте қоймай, Қазақстанда ешқашан ұлттық бірлік қалыптаспайды. Өйткені тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – елдік сана, ұлттық келісім, азаматтық бірегейлік факторы. Ал бізде әлі күнге дейін «қостілділік – байлығымыз» деген жалған нарративпен өмір сүріп келеміз.
Мұндай байлық бізге не берді? Кеңселерде қазақ тілін білмейтін қызметкерлер, мемлекеттік мекемелерде аударма арқылы берілетін жауаптар, қазақша сұраққа «переходите на русский» деген агрессия. Бұған қоса, қоғамда өз тілінде сөйлей алмайтын, сөйлеуден қысылатын ұрпақ қалыптасты. Бұл – отарлық психологияның ең ауыр формасы.
Қазір қостілділік – тілдік мәселе емес, бұл – әділет пен әділетсіздік арасындағы күрес. Қазақ тілінің мүддесі қорғалмаса, қазақ ұлтының мүддесі де аяқасты бола береді.
Бұл жерде мәселе тілді меңгеру емес, мәселе – мемлекеттік тілдің үстемдігін мойындау. Қазақстанда әркім өз тілінде сөйлесін – бұл демократия. Бірақ мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмесе – бұл дискриминация. Демек, заңды күшейтіп, мемлекеттік тілді нақты талап ету – біздің тарихи жауапкершілігіміз.
Жаңа Қазақстан құрамыз десек, жаңа тілдік саясат қажет. Бұл саясат – тек тіл үйретумен емес, саяси ерікпен жүзеге асады. Қазір халық дайын. Қоғам дайын. Ауылдағы балабақшада да, қаладағы кеңседе де қазақ тілі үстем. Енді саясат та, жүйе де дайын болуға тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге кеткен қос билік секілді қостілділікпен де қоштасатын кез келді. Әйтпесе мұндай солқылдақ саясат бір ту астындағы бір елге айналуымызға кедергі келтіреді. Бұл таңдау емес – бұл тарихи міндет. Қостілділік – өткеннің елесі. Енді ол тарихта қалуы керек. Ал болашақ – қазақ тілімен, қазақ мүддесімен бірге жазылады.
Нұрлан Жұмахан