Qazyr.kz порталы
ҚазірҚоғамэкономика

Олжас Бектенов: Басым міндеттердің бірі – экономиканың нақты секторын қаржыландыру

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қаржыландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы пысықталды Директорлар кеңесінің мүшелері Холдингтің бизнесті мемлекеттік қолдау құралдарымен қамтуды арттыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар туралы баяндады деп хабарлайды Qazyr.kz

Сонымен, биылғы үш айда ШОБ-ты қолдауға бағытталған жалпы сома 439 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық. Қазақстанның даму банкі арқылы 292,1 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба және 9 экспорттық операция қаржыландырылды. Өнеркәсіпті дамыту қоры 94,5 млрд теңгені құрайтын 75 лизингтік операция мен қарыздар берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 3,2 мыңнан астам агроөнеркәсіп субъектісі қамтылып, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 233,4 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды.

Аталған қаражаттың елеулі бөлігі – 134,9 миллиард теңгесі көктемгі егіс және далалық жұмыстарды жүргізуге жұмсалды. Бұл өз кезегінде еліміздің аграршыларына егіс науқанын уақытылы және сапалы атқаруға мол мүмкіндік берді.

Қазақстандық фермерлер мен шаруашылықтар 1,2 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен заманауи құрал-жабдықтар сатып алды. Бұл техника паркін жаңартып, өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге септігін тигізуде.

Мемлекеттік қолдаудың мұндай кешенді тәсілі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Биыл ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға алғаш рет «Бәйтерек» ҰБХ құралдары арқылы шамамен 8 трлн теңге бөлінуде. Осы шаралардың нәтижесінде экономиканың серпінді өсуі және жаңа жұмыс орындарын жоспарлануда.

«Қазір Холдинг іске асырып жатқан басым міндеттердің бірі – экономиканың нақты секторын қаржыландыру. Экономикаға, еліміздегі бірқатар аса маңызды индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жоспарланған 8 трлн теңгенің игерілуі қазірдің өзінде 2 трлн теңгеге жақындап қалды. Құрылыс маусымы өзінің белсенді кезеңіне енді ғана енгенін ескерсек, қарқын жаман емес. Мен “Бәйтеректің” барлық еншілес құрылымдарының нақты, үйлесімді жұмыс істеу қажеттілігіне назар аударғым келеді. Бұл міндет қазіргі жағдайда оңай емес, бірақ біз өз міндеттемелерімізді орындаймыз. Холдинг, мемлекет капиталдандыру бойынша өз міндеттемелерін орындаған жағдайда, экономиканы 8 трлн теңгеге қаржыландыру жөніндегі міндетті орындайтынына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Директорлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша нәтижелілікті әрі қарай арттыру мақсатында Холдингтің инвестициялық саясатын, сондай-ақ ұйымдастырушылық және қаржылық бағыттарды жетілдіру бойынша бірқатар құжат қабылданды.

Ұқсас жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда қар көшкіні болды

redaktor_qazyr

Қазақстанда айыппұлдар көлемі 300 миллиард теңгеден асты

redaktor_qazyr

Қазақстан билігі орыс тілін дамытуға 131 миллион теңге бөлмекші.Мәжіліс «орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы шартты» мақұлдады

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz