Qazyr.kz порталы
ҚазірҚоғамСаясатэкономика

Олжас Бектенов ТМД Үкімет басшыларының кеңесіне қатысты: Негізгі бағыттар мен бастамалар

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты деп хабарлайды Qazyr.kz

Жиын барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымы, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысына ТМД елдерінің үкімет басшылары мен жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Түрікменстан және Тәжікстан өкілдері бас қосты. Сондай-ақ ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев пен бірқатар салалық ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі.

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі экономикалық өсім мен тұрақтылықты сақтау жолындағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрап, 1,2%-ға артқан. Бұл өзара экономикалық байланыстардың беріктігін көрсетеді.

Сонымен қатар, Бектенов электронды сауданы дамыту, тұтынушы құқықтарын қорғау, инфрақұрылымды жетілдіру мен бизнеске қолдау көрсету арқылы ТМД аясында e-commerce әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті. Қазақстанда бұл нарықтың көлемі 2023 жылы $6,2 млрд-қа жеткен.

Қазақстан тарапы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Трансқазақстандық теміржол дәлізін кеңейту және «Орталық – Батыс» автожол жобасы арқылы өңірлік көлік-транзиттік байланыстарды нығайту бастамаларын ұсынды. Бұл жобалар ТМД аумағындағы магистралдарды өзара үйлестіруді көздейтін бастама аясында іске аспақ.

Сонымен қатар, ауыр машина жасау мен жеңіл өнеркәсіп салаларындағы кооперацияны дамыту мәселелері күн тәртібіне қойылды. Қазақстан бұл салаларда бірлескен өндірістер мен инновациялық кластерлерді дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстанда құрылып жатқан Alem AI жасанды интеллект халықаралық орталығы өңірлік ынтымақтастықтың жаңа бағыты ретінде аталды. Бұл бастама денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару сияқты салаларда ЖИ технологияларын енгізуге жол ашады.

Сондай-ақ киберқауіпсіздік және трансұлттық алаяқтыққа қарсы күрес бойынша ТМД елдерінің құрылымдары арасындағы іс-қимылды күшейту ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды. Олардың қатарында:

Ауыр машина жасау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

Жеңіл өнеркәсіп бойынша даму тұжырымдамасы;

Әуе қозғалысын үйлестіру тұжырымдамасы;

Халық денсаулығын сақтау саласындағы ынтымақтастық құжаты бар.

ТМД Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2025 жылдың қыркүйек айында Беларусь астанасы Минскіде өтеді.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Шағын өндіріс — Шығыс Қазақстан экономикасының драйвері

admin_qazyr

Шағыр ауылында ұлттық спорт түрінен сайыс өтті

redaktor_qazyr

Алматыда бірнеше жыл қаңырап тұрған құрылыс нысаны сүріліп жатыр

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz