Халықаралық сарапшылардың бәрі әлем экономикасын үлкен сынақ күтіп тұрғанын бірауыздан айтып отыр. Сауда соғысының күшеюі, Трамптың тариф саясаты жаһандық нарықты шайқалтып жіберді. Ақ үй тарифті тоқсан күнге тоқтатты. Жағдай сәл тұрақталғанымен, алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Бұл дауыл алдындағы тыныштық па, жоқ па, оны ешкім дөп басып айта алмайды.
Егер әлемдік дағдарыс басталса, оның зардабын бәрі тартатыны анық. Қаласақ та, қаламасақ та, шындық осы. Кей сарапшы алдағы дағдарыстың күші 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан да, 1997 жылғы Азия нарығының құлауынан да күшті болуы мүмкін екенін алға тартады.
Ықтимал дағдарыстың себебі түсінікті. Алып державалар өзара келісе алмай, бір-біріне сауда соғысын ашып жіберді. Оған ешкімнің ықпал етуге қауқары жетпейді. Дегенмен жағдай осылай екен деп қол қусырып отыра алмайсың. Қазақстан да қарап жатқан жоқ. Президенттің тапсырмасымен жүйелі жұмыс басталды. Үкімет ықтимал оқиғалардың бәрін анықтап, соларға дайындалып жатқан көрінеді.
Трамптың тариф саясаты Қазақстанға аса қатты әсер етпеуге тиіс. Өйткені біздің АҚШ-қа сататын тауарларымыз аталған елге жеткізетін экспортымыздың 4,5 пайызын ғана құрайды. Салыстырмалы түрде қарағанда, бұл аса қатты көп емес. Сондықтан бізге салынған тарифтердің экспортқа үлесі ерекше байқалмауы қажет.
Тоқаев Шымкентте әлемдегі жағдайға қарамастан Қазақстан стратегиялық бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Демек, жоспарланған ірі инфрақұрылымдық жобалар уақытылы аяқталып, қолданысқа берілуге тиіс. Сондықтан «белді бекем буып», кей жерде үнемдеуге тура келеді. Иә, мұндай жағдайда кей азаматтардың өмір сүру сапасы төмендеуі ықтимал. Бірақ 90-шы жылдары бұдан да жаман жағдайда өмір сүргенбіз. Бұл қиындықты да еңсере аламыз.
Айбар Олжаев