Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов Үкімет отырысында елдегі өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндама жасады деп хабарлайды Qazyr.kz
Министр баяндамасында өрттің алдын алу, өндірістік жарақаттануды азайту және қауіпті өндірістік объектілерді бақылау шараларының барысы туралы мәлімет берді.
2025 жылдың басынан бері елімізде 16 мыңға жуық нысанға тексеру жүргізіліп, 105 мыңнан астам қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталған. Соның ішінде 7 957 нысанның қызметі тоқтатылып, олардың басым бөлігі – өрт қауіпсіздігіне қатысты өрескел заңбұзушылықтар. Анықталған негізгі кемшіліктер – өрт автоматикасының болмауы немесе істен шығуы, қызметкерлердің тиісті даярлықсыз жұмысқа жіберілуі және эвакуациялық жолдардың жабық болуы.
Министр өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ахуалға да ерекше тоқталды. 2024 жылмен салыстырғанда жұмысты тоқтату туралы шешімдер саны 4,5 есе өсіп, 418 жағдайды құрады. Қаңтар мен мамыр айлары аралығында 11 апат пен 60-тан астам өндірістік оқиға тіркеліп, 22 қызметкер жарақат алып, 15 адам қаза тапты. Бұл жағдайлардың басты себебі – техникалық жабдықтың тозуы.
Мәселені жүйелі шешу үшін Министрлік қауіпті өндіріс нысандарын жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру бойынша келісілген жоспарды заң жүзінде бекітуге бастама көтерді. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы Парламент Сенатында қаралуда.
Сонымен қатар, әрбір қауіпті өндірістік объектіде өндірістік бақылаудың жеке қызметі құрылмақ. Бұл қадам жергілікті деңгейде бақылауды күшейтуге бағытталған. Министрлік тиісті нормативтерді әзірлеп жатыр.
Цифрлық технологияларды енгізу де күн тәртібінен түскен жоқ. Қарағанды облысында кеншілердің орналасуын бақылау және газдану деңгейін анықтайтын жүйе пилоттық режимде сыналуда. Бұл төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Министр баяндамасын қорытындылай келе, Министрлік өндірістік қауіпсіздікті күшейту бойынша мемлекет саясатын заманауи әдістер арқылы дәйекті түрде жалғастыратынын атап өтті.