Павлодар облысының ең астықты өңірлерінде бидай алқаптарын қорғаудың жаңа заманауи әдісі қолға алынды. Енді жасанды интеллект (ЖИ) бидай аурулары мен зиянкестерін ерте кезеңде анықтап, шаруаларға шығынсыз өнім алуға көмектеспек деп хабарлайды Qazyr.kz
Бұл туралы Торайғыров университетінің биология және экология кафедрасының профессоры, жобаның жетекшісі Римма Уалиева мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа технологияның мақсаты – зиянды организмдер мен арамшөптерді дер кезінде анықтап, олардың таралуына жол бермеу.
Үш жылға жоспарланған жоба аясында ғалымдар мыңдаған фотосурет пен спектрлік сипаттамаларды жинап, арнайы дерекқор қалыптастырмақ. Қазір жүйе Тереңкөл және Железин аудандарының алқаптарында сынақтан өтуде.
– Жоба гиперспектралды зондтау әдісіне негізделген. Бұл – өсімдіктің жағдайын қашықтықтан байланыссыз анықтауға мүмкіндік беретін әдіс, – дейді Римма Уалиева. – Біз негізінен бидайдың саңырауқұлақ ауруларына көңіл бөліп отырмыз. Мысалы, гельминтоспориозды тамыр шірігі, фузариозды дақ, септориоз, қара күйе сынды аурулар анықталады.
Алдымен зертханада өсімдік үлгілері классикалық әдістермен зерттеліп, патоген түрі анықталады. Кейін гиперспектралды сенсор арқылы үлгі фотосуретке түсіріліп, оның спектрлік деректері жүйеге жүктеледі. Осылайша жасанды интеллект үлгіні үйренеді. Кейін дрондармен алқаптарды бақылап, алынған мәліметтермен салыстыру жүргізіледі.
Жүйе тек ауруларды ғана емес, зиянкестер мен арамшөптерді де анықтайды. Мамандардың айтуынша, зиянкестердің қатарына саранча, жұлдызқұрт, шегірткелермен бірге астыққа тән жәндіктер: бидай бүргесі, қара бидай шыбыны, бидай трипсі, астық қоңызы, тілә мен цикадалар жатады.
Зерттеушілер әр кезеңде энтомологиялық үлгілерді жинап, зертханада микроскопиялық және гиперспектралды талдау жасайды. Осылайша зиянкестердің дене бөліктеріне дейін ажыратып тану мүмкіндігі артады.
Бұл интеллектуалды модульдерді болашақта коммерцияландыру жоспарда бар. Ғалымдардың айтуынша, дәл осындай база қазірге дейін Қазақстанда да, шетелде де жоқ.
Павлодарлық ғалымдар бұл әдіс фермерлердің шығындарын азайтып, пестицидтерді шамадан тыс пайдалануды қысқартып, ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан тиімді етуге жол ашады деп сенеді.