Қазақстанда жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын салықтық бақылауға алу талаптары айтарлықтай жеңілдетілді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сілтеме жасап.
Бұған дейін салық органдары үш ай қатарынан 100 түрлі азаматтан түскен және жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (1 020 000 теңге) асатын аударымдарды күдікті деп танып, тексеруге алатын еді. Қаржы министрі Мәди Такиевтің жаңа бұйрығымен бұл шекті сома ЕТЖ-дан Айлық есептік көрсеткішке (360 АЕК) ауыстырылды.
Жаңа ереже бойынша, азаматтардың шоты тек үш ай қатарынан 100 немесе одан да көп адамнан қаражат түсіп, оның жалпы сомасы 1 557 000 теңгеден асқан жағдайда ғана салық органдарының назарына ілігеді. Бұл бұрынғы шектен 537 мың теңгеге көп.
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:Доллар мен теңге арасындағы тартыс: Валюта нарығындағы соңғы жағдай қандай?→
Қарапайым аударымдар мен той қаржысына салық салынбайды
Құзырлы органдардың хабарлауынша, бұл норма тек бақылау талабын реттейді және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүргендерді анықтауға бағытталған. Мемлекеттік кірістер комитеті туыс-туғандардың өзара қаржылық қолдауы, мерейтойларға жиналған сыйлықтар мен ата-аналар комитетінің қаражаты тексерілмейтінін тағы бір мәрте ескертті.
Салық органының бақылауына ілігу үшін тек адам саны немесе тек ақша мөлшері жеткіліксіз. Ол үшін бір уақытта екі шарт – 100-ден астам түрлі жөнелтуші және 1,55 млн теңгеден асатын сома қатар орындалуы қажет.
Ұлттық банк лимитті 2 млн теңгеге дейін көтеруді көздеп отыр
Сонымен бірге Ұлттық банк банкаралық мобильді төлемдер жүйесі аясында телефон нөмірі арқылы бір реттік аударым жасау шегін 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі жобаны мемлекеттік органдармен келісіп жатыр. Бұл өзгерістер қазақстандықтардың күнделікті қаржылық операцияларын барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, шекті меженің көтерілуі шағын бизнес өкілдері мен тұрғындардың алаңдаушылығын бәсеңдетіп, ақша айналымының көлеңкеге кетпеуіне оң ықпал етеді.