«Крокус Сити холлдағы» ФСБ-нің көлеңкесі көріне бастаған «теракттан» кейін бес жұмыс күні ішінде Ресейде Федерация Кеңесінің кеңейтілген отырысы өту тиіс дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
Онда «соғыс жағдайын» жариялау туралы ұсыныс әзірленіп, президент Владимир Путинге жолданады. Ал Путин өз кезегінде Қауіпсіздік кеңесін шақырып, ресми соғыс жариялау бойынша ұжымдық шешім қабылдатпақ. Мәселені 8 сәуірге дейін реттеу жоспарланған.
Сонда бұған дейін өздері арнайы әскери операция деп атап келген Украинадағы агрессия ресми соғыс статусын алады. Одан кейін не өзгермек?
Соғыс жағдайында Кремль өзінің қарсыласын Украина емес, «бізге жау блок» (НАТО + санкцияға қосылғандар) деп аясын кеңейтпек. Және кез-келген шешім қабылдауға, халықпен санаспауға мүмкіндік алады.
Басты мақсат: қауіпсіздік белдеуі мен тактикалық ядролық қару қолдануды ақтап алу. Ол үшін Ресей суверенитетіне қауіп төнді деген себеп керек болып тұр.
Қауіпсіздік белдеуі — жаңа соғыстарға апаратын жол дейді, дереккөз. Ресей өз аумағын қорғау желеуімен шекарасынан 50 шақырым ары территорияларға, яғни көрші елдердің аумағына кіріп, арнайы қауіпсіздік зоналарын құруы мүмкін.
Ондай жағдайда Калининград облысының қауіпсіздігі деген сылтаумен Литваны басып алып, құрлық арқылы шектесетін коридор құра алады. Арғы жағындағы Польшамен мәселені тактикалық ядролық құрал арқылы шешу жоспарланған. Оңтүстік жақтан қауіпсіздік керек деген сылтаумен Қазақстан аумағына да еніп кетуге формалды желеу табылады.
Осыған орай Қазақстан да дереу Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізбек дейді, DALA INSIDE дереккөзі. Ресми Ташкент те осы аптадан қалдырмай күштік құрылымдар басшыларын жинайды. Тоқаев пен Мирзиеев осы қауіпке қатысты күш біріктірмек. Қазақ-өзбек арасындағы әскери уағдаластықтар Әзірбайжан Президенті Илхам Гейдарұлы Әлиевке де хабарланып отыратын болады.
Сайлау өткізіп, 6 жыл мерзім алған Путин НАТО-мен Еуропада бетпе-бет келуге дайын. Оны АҚШ-тың Еуропадағы соғысқа қаншалықты араласа алатыны қызықтырады. Республикалықтар жеңіске жетсе, Путинге олардың АҚШ қорғанысына ғана көңіл бөліп, сыртқы мәселеде шаруамыз жоқ деген ұстанымы ауадай қажет. Ол үшін Дональд Трамп АҚШ президенті болуы тиіс.
Крокустағы теракт осы үлкен пазлдың бірінші бөлшегі ғана. Енді соғыс режимі жарияланып, Трамп президент болса, пазл жинала бастайды.