Qazyr.kz порталы
Руханият

Сағынғали Сейітов

Сағынғали Сейітов (1917- 2007) — 1917 жылы 20 қарашада қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Өлеңті деген жерде туған. 1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, 1941-1947 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ол Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірқатар  медальдармен  марапатталған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған ол соғысқа бастан-аяқ қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары ұзақ жылдар Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми  қызметкері болып  істеді.

Осы институт қабырғасында жүріп «Қырық жылда», «Әдебиеттер достығы», «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», «Тоғысқан толқындар», «Туысқандық туғызған», «Өлең өлкесінде», «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты монографиялары мен зерттеулері  арқылы  ұлттық  әдебиеттану  ғылымына  қыруар  үлес  қосты.

Тырнақалдысы 1936 жылы Орал облыстық газетінде жарияланған, 1951 жылы «Большевиктер» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Әр жылдары шыққан «Жолдас жүректен», «Ортақ ой», «Бетпе-бет», «Өрден өрге», «Жаңғырық», «Жолдас уақыт», «Сәулет», «Серпер», «Сеңгір», «Самғау», «Майдангер көзімен» атты жыр жинақтарымен қазақ поэзиясының қоржынын  толықтырды.

Дереккөз: “Егемен Қазақстан” газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бауыржан Үсенов

Redaktor Site

Міржақып Дулатұлы – Жігіттерге

Redaktor Site

Дүние жалған

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz